Kyzylorda-news.kz. Бүгін «Белсенді ұзақ өмір» орталығы жанынан құрылған «Аталар» ансамблінің «Ардагерлерді ардақтайық!» атты 10 жылдық мерекелік кеші өтті.
Мерекелік шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов арнайы қатысты. Айналасын думанға бөлеп жүрген, сегіз қырлы талант иелері – ардагерлер биыл ансамбльдің 10 жылдық белесін бағындыруда. Шараға келген қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов ардагерлерді құттықтап, сый-құрмет көрсетіп, олардың иығына шапан жапты.
«Бұл мерейлі сәт туған жеріміздің рухани дамуына және бай мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосып жүрген шығармашылық адамдарына деген айрықша ілтипаттың белгісі. Елді ұлттық мәдениеттің қайнарына сусындатып, берекесі мен бірлігіне ұйытқы болып, жастарға лайықты үлгі көрсетіп келе жатқан Сіздерге деген құрметіміз ерекше. Алдағы уақытта да халықпен етене жұмыс жасап, ел мерейін көтерер әндеріңізбен қуанта береді деп сенемін. Киелі өнер жолында қасиетті Сыр өңірін елге танытып, биік тұғырдан көрсетіп жүрген баршаңызға зор денсаулық, шығармашылық табыс, отбасы-ордаларыңызға бақ-береке тілеймін», – деді қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Жақсымұратұлы.
Өнер ұжымы еліміздің бірқатар аумақтарында гастрольдік сапарда болып, көрермендерді өз өнерлерімен сусындатып келеді.
Алғашқыда «Аталар» ансамблі 2013 жылы «Зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығында қызмет алушы 7 ардагерден құралған. Қазіргі таңда ансамбль құрамында бес түрлі маман иелері өнер көрсетеді. Күләй Сағындыққызының бастамасымен негізі қаланған «Аталар» ансамблі бүгінде республикалық, облыстық, қалалық мәдени шараларға белсене атсалысып келеді және республикалық байқаулардың лауреаты атанған шығармашыл ұжым.