Kyzylorda-news.kz Биыл қазақ тілді КВН-ге 25 жыл. Жайдарман сахнасында бір емес, бірнеше ұрпақ өсіп-жетілді.Олар тек әзіл, продакшн және креативті индустрия да ғана емес, сонымен қатар маркетинг, мемлекеттік қызмет саласында өздерін танытып жүр.

Осы екі онжылдықтың ішінде Жайдарман креативті индустрия үшін жаңа талант иелерін дайындайтын әлеуметтік лифтке айналды. Жас командалар мен шығармашыл топтар тек медиалық танымалдылыққа ие болып қана қоймай, сонымен қатар шығармашылық тұрғыдан қалыптасуға қажетті дағдылар мен нетворкингке ие болды. Нәтижесінде, Жайдарман түлектері еңбек нарығындағы мамандар ретінде сұранысқа ие болады (актерлер, сценаристер, режиссерлер және т.б), сонымен қатар шығармашылық салада олар фильмдерді, YouTube жобаларды, телешоулар мен комедияларды, музыкалық жобаларды қамтитын жаңа коммерциялық жобаларды жасайды.

Жуырда Қызылордада облысы әкімінің жүлдесіне арналған республикалық жайдарман фестивалі өтті. Фестивальге әр өңірден 13 команда қатысып, ойын үздіктері белгілі болды. 

«Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукен тізгіндеген бұл кеште Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, Қорқыт құрамасы» КВН командасының белді ойыншысы Асылхан Дүкенбаев, «Арал АС» КВН командасының капитаны Төребек Дәрмағамбетов, ПТК арнасының продюсері Ғани Абдиев, Жайдарман жанашыры, жас кәсіпкер Ұлағат Қайратұлы, жас кәсіпкер, инновациялық «АРАЛҒА ЖАҢБЫР» жобасының авторыАлтайАйнабек төрелік етті. Қазылар алқасы жеңімпаздарға аймақ басшысының кубогын, сондай-ақ 1 млн, 500 мың, 300 мың және 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табыстады. 

Ойын нәтижесі бойынша «Краш» құрамасы (Астана қаласы) чемпион атанып, «Алатау SU» құрамасы (Алматы қаласы) – IIорын, «Ассамблея» құрамасы (Қызылорда қаласы) – III орынды қанжығалады. Сондай-ақ ойынның үздік ойыншысы Жігер Жаирбай (Алатау SU құрамасы) 100 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. 

Сонымен қатар жайдарманшылар Жалағаш ауданына барып, аудан тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнер көрсеткендер арасынан Талант (Орал қаласы) – I орын, Ақпен бірге – II орын, ал Алмаз (Қарақалпақстан) III орынды иеленді. Топ жарғандарға дипломдар мен ақшалай сыйақы табысталды. 

 

Қорлан САРЫ
Фото: kzvesti.kz

Тағы да оқыңыз: