Kyzylorda-news.kz. А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде қала әкімдігінің қолдауымен және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен ерекше жандарға арналған «Арман» инклюзивтік театрымен алғаш рет Талғат Телеубаевтың «Қолымнан ұста» атты пьесасы сахналанды.

Қойылымның қорытындысында қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов өнер ұжымын алғашқы қойылыммен құттықтап, алдағы уақытта толағай табыстарға жете беруіне тілектестігін жеткізді.

Айта кету керек, биыл қаңтар айынан бастап А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанынан ерекше жандарға арналған «Арман» инклюзивтік театр үйірмесі құрылды. Үйірменің жұмысын үйлестіру мақсатында қалалық мәдениет және спорт бөліміне қарасты кәсіпорын арқылы арнайы штат бөлініп, бір маман жетекшілік етуде.

Қазіргі таңда, үйірмедегі оннан аса мүмкіндігі шектеулі жандарға өнердің қыр-сырын, сахнаға театрлық қойылымдарды қоюды ғана емес, эмоциялық мәдениет пен актерлік шеберлікті қалыптастыруды үйретуде.

«Мүмкіндігі шектеулі жандардың Қызылорда облыстық филармониясының жас өнерпаздарымен бірлесе қойған қойылымы өте әсерлі, шынайы шықты. Бір сөзбен айтқанда жоғарғы деңгейде өтті. Қыз тағдыры сараланған қойылымның барысында бір сәт жүзімізге күлкі үйрілсе, бір сәт мұңайдық. Тіпті, залда отырған көрермендер көзіне жас алып, көңілдері босады. Бұл қойылым қай заман болмасын адамдар арасындағы қарым-қатынастың әр қилы болатынын көрсетті. Барлық өнерпаз өздеріне берілген рөлді өте керемет алып шықты. Алдағы уақытта да осындай халықтың жүрегіне жақын туындыларды сомдап, елдің құрметіне бөленіп, биіктен көрінулеріне тілектеспіз», – деді жеке кәсіпкер Қайрат Ераназаров.

Тағы да оқыңыз: