Kyzylorda-news.kz. Бүгін Сыр топырағында туып, өнерімен талайды мойындатқан талант иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Батырхан Шөкеновті еске алу шарасы өтті.
Батырдың атындағы саябақта өткен шараға әншінің анасы, бауырлары, қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Жақсымұратұлы, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары және тыңдармандары қатысып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Айта кету керек, 2018 жылдың 18 мамырында Батырдың туған күніне орай қала орталығындағы саябаққа есімі беріліп, ескерткіші орнатылған болатын. Содан бері саябақ аумағында жаңадан ағаштар отырғызылып, әсем гүлдермен көмкерілді. Бүгінде арнайы орнатылған дыбыс күшейткіш колонкаларда талантты жерлесіміздің әндері шырқалып, қала тұрғындарына мәдени демалыс сыйлап келеді.
Қазақстанның әйгілі эстрада әншісі, композитор Батырхан Қамалұлы Шүкенов 61 жыл бұрын Қызылорда облысында дүниеге келді. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітіріп, 1982 жылдан Роза Рымбаеваны сүйемелдейтін «Арай» тобына кірді.
1987 жылы «Алматы» тобын құрды. Кейіннен ол «Алматы-Студио» тобы болып қайта құрылды.
1989 жылы өзінің атақты «Джулия» деп аталатын хитын жазды. Осы жылы «А-Студио» Алла Пугачеваның «Рождестволық кештер» әш кешіне қатысқаннан кейін ансамбль атағы бұрынғы Совет одағы аумағында танымал болды.
Әнші 2002 жылы Қазақстанға оралып, өзінің алғашқы «Отан ана» атты жеке альбомын шығарды.
2007 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет жөніндегі кеңесшісі болды.
2009 жылы ЮНИСЕФ ерікті елшісі, 2010 жылы Алматыдағы қайырымдылық балы комитетінің құрметті мүшесі болды.
Батырхан Шүкенов 53 жасқа қараған жасында Мәскеу қаласында жүрек талмасынан қайтыс болды. Марқұм Алматыда жерленді.