Kyzylorda-news.kz. Мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесіне орай А. Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде «Мәдениет - мәңгілік мәнері» атты мерекелік салтанатты іс-шара өтті.

Қалалық Жастар театрының әртістері сахналаған театрландырылған қойылыммен шымылдығы түрілген шараға арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев мәдениет қызметкерлерін мерекемен құттықтады. Саналы ғұмырын осы салаға арнаған майталмандардың қоғамдағы орны туралы айшықты сөздерін арнады.

Салтанатты шарада бірқатар сала қызметкерлеріне облыс әкімінің, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының, қала әкімінің, салалық кәсіподақ ұйымының арнайы алғыс хаттары табысталды.

Дана халқымыз: «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер түстемесе керек. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады.

Халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтардың еңбегі бағаланатын елеулі күн ел өмірінің ең айшықты сәтіндей ыстық. Себебі қаламға серт еткен ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатқан кітапханашының, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нəрін сыйлайтын театр, кино жəне опера əртісінің, өңірлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегі ұмытылмақ емес.

Салтанатты шара ары қарай қала өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

Тағы да оқыңыз: