Қазалы ауданының тұрғындары үшін – 1 мамыр Алғыс айту күні бейбіт өмір мен ынтымақтаса тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындарына да ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы. Бұл – әрбір қазақстандық азамат үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – мемлекеттің ең маңызды байлығы. Еліміздің басқа өңірлері секілді Қазалы жеріне де кезінде белгілі себептермен сан ұлттың өкілі қоныс аударған. Олар бүгіндері бір-бірімен тату өмір сүруде. Қазақпен құдандалы болып, қыз беріп, келін алып туыстық қарым-қатынасты арттырды. Мереке қарсаңында қазақ отбасына келін болып отырған өзге ұлт өкілдерімен тілдесіп қайтқан едік.

Ольга ТАЙҒАРАЕВА: Ұлттық салт-дәстүрдің барлығын меңгердім

ccc05f64-31d6-464b-8644-e81e4e9a9b1d.jpg

– Мен орыс ұлтының өкілімін. Қармақшы топырағында дүниеге келдім. 1989 жылы отбасымызбен Қазалыға қоныс аудардық. Жолдасымды мектеп оқушысы кезінен танимын. Қазалы қаласындағы М.Горький атындағы №16 мектепте білім алдым. Қазір Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде жұмыс істеймін. Жолдасыммен 1997 жылы наурыз айында отау құрдық. Шүкір, үш ұл, үш қыздың ата-анасы атандық.

Жолдасым қайтарымсыз несие алып, мал шаруашылығымен айналысып отыр. Отбасылық кәсіпке барлығымыз да қол ұшын береміз. Болашақта кәсібімізді кеңейтіп, мал басын көбейтуді жоспарлап отырмыз.

Бала кезден қазақы ортада өскен соң ба, мен үшін келін болып түскенде ештеңе тосын болмады. Лезде сіңісіп кеттім. Келін болып, енген шаңырағым да керемет жандардан болды. Үйдегі үлкендер жақсылығымды асырып, білместігімді жасырды. Қонақжай қазақ халқының салт-дәстүрінің барлығын меңгердім, әрі орындап та жүрмін.

Шахноза АЙТМЕТОВА: Қазақ қашан да бауырмал халық

a29d0081-2403-4785-ac07-00410286b72a.jpg

– Түркістан қаласының туып-өстім. Өзбек ұлтынанмын. Он алты жыл бұрын Қазалы ауданының Бейсенби деген азаматын кездестіріп, оған тұрмысқа шықтым. Бүгінде көпбалалы отбасы қатарына еніп, алты бала өсіріп отырмыз. Үлкенім 7-сыныпта, кейінгілері 6, 3 және 1 сыныпта оқиды. Кенже екі қызымыз балабақшаға барады.

Үйде қарт адам енем бар. Қазір қазаққа тән барлық жөн-жоралғыны білемін. Екінші анамнан да үйренгенім көп. Отбасылық кәсіппен айналысамыз. Әйтеке би кенті орталығынан шайхана аштық. Көктемде көшет сатып, саудамен айналысамыз. Қазалының жасыл желекке оранып, тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлау үшін түрлі гүлдерді де тапсырыспен алып, халыққа ұсынамын. Жалпы, өзім дәмді ас әзірлегенді ұнатамын. Әйел болғандықтан әдемілікке жаным құмар. Бау-бақша өнімдерін де, бір кісідей күтіп-баптаймын.

Мені ешкім, ешқашан «сен өзбексің» деп бөлген емес. Қазақ халқының осы дархан көңілі ерекше ұнайды.

Қазақ қашан да бауырмал халық. Әрқашан татумыз, доспыз және бір-бірімізбен қойын-қолтық қараласа өмір сүрудеміз. Барлығымыз туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде, ел бірлігін сақтауға атсалысып, әрқайсысымыз әржерде, өз саламызда татулыққа, келісімге, бірлікке өз үлесімізді қосудамыз.

 

Нәбира БАРКОВА: «Халықтар достығы» жай айтылған сөз емес

23cfcb22-9e70-46d4-9a8d-b0fc6eb04857.jpg

– «Халықтар достығы» жай айтылған сөз емес. Әр кезеңдерде қазақ елі өзінен пана іздеп келгендердің бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеген. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған көпұлтты мемлекет болды. Бүгінде түрлі ұлттар мен ұлыстардың барлығы бір шаңырақ астында бірүйдің баласындай ғұмыр кешіп келеді.

Мен өзім туған ауылымдағы Қ.Пірімов атындағы №103 орта мектепті бітірген соң Қостанай қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы университетке грант негізінде оқуға түстім. «Қайта өңдеу өнімдерінің технологиясы» мамандығын меңгердім. Мамандығым бойынша «РЗА» күріш заводында еңбек еттім.

Жолдасым Айбек Жұбатыровпен 2021 жылы шаңырақ көтердім. Бір қызымыз бар. Үйде ата-енеммен тұрамын. Үлкендерге сәлем саламын. Орамал тағамын. Ұлтым өзге болғанымен, қазақы ауылда өскендіктен біршама салт-дәстүрді кішкене күнімнен білемін. Келін болып түскеннен кейін екінші анам білмегенімді үйретіп, үлкен өмірге әлі де баулып келеді. 

Қазір кәсіппен айналысамын. Бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан соң алғашында интернет арқылы резинарт (смоламен жұмыс) туындыларын жасадым. Әсіресе, сағат картина мен ыдыстарға деген қызығушылығым басым болды.

Қазір интернеттің заманы. Оны тек, дұрыс бағытта пайдалана білу керек. Копильник жасауға қатты қызықтым. Бірақ алғашқы сәтсіздіктен кейін копильникті бастауға оқтала алмай жүрдім. Қызығып жүргенімді жолдасым байқапқолдау көрсетті. Сонымен курсын сатып алып, сабаққа қатысып, жұртпен жарысыпжасай бастадым. Жасаған жұмысымды отбасы мүшелері көріп, батасын берді. Осы күндері табыс көзіне айналдырып отырмын.

Түйін: Өткен ғасырдың 1995 жылы Қазақстанда дүние жүзінде бұрын соңды болмаған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бүгінгі таңда ол бес жүзге жуық ұлттық-мәдени бірлестіктің басын қосып, татулықтың үздік үлгісін көрсетіп келеді. Ұйым әр халықтың дәстүр-салтын, ұлттық құндылықтарын дәріптей отырып, өзге этностың мәдениетіне деген сыйластықты қалыптастыруға үлесін қосты. Кешегі алмағайып заманда жер аударылып келгендерге көрсетілген қазақ халқының қонақжайлығы, жанашырлығы мен адамгершілігі қазіргі тастай татулықтың алғышартына айналды десек қателеспейміз. Сондықтан елдің тарихи тұрғындарына алғыс ретінде, ортақ Отанның гүлденуіне тілектестігін білдіру үшін қазақстандықтар 1 мамырда Алғыс айту күнін атап өтеді. Қазалы жұртшылығы да бұл мерекені көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды.

«Ырыс алды – ынтымақ» деген халық даналығының астарында үлкен мән бар. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық, бекем бірлік біздің баға жетпес байлығымыз.

Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің басты құндылығымыз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының міндеті болып табылады. Міне, осылайша туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға ұлт өкілдері барынша атсалысуда. 

 

Тағы да оқыңыз: