Kyzylorda-news.kz  Сырдария  ауданының әкімі Берік Сәрменбаев ауданның құрылыс саласы қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Аудан басшысы Сыр елі құрылыс алаңына айналғанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасымен өңірде ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қызылорда қаласында 215 млрд. теңгеге қуаттылығы 240 МВт жаңа жылу-электр орталығы салынуда.

Президенттің Катар еліне жұмыс сапары аясындағы үкіметаралық келісімге сәйкес, қуаттылығы 1100 МВт, құны 892 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысын салу келісілді. Бұл мегажоба 2028 жылы толығымен іске қосылады. Бүгінде Қызылорда қаласының көпқабатты тұрғын үйлеріне ыстық су қосылуда. Тарихи-өлкетану музейі, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы пайдалануға берілді. 11 мың адамға арналған заманауи орталық стадион жақын күндері пайдалануға беріледі. Биыл Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында құны 3 млрд. 800 млн.теңгені құрайтын «Достық үйі» бой көтеруде. Ауданда да құрылыс қарқыны бәсеңдеген жоқ. 2025 жылдың І жартыжылдығында құрылыс жұмыстары 44,4 пайызға артып, көлемі 12,6 млрд. теңгені құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 10 225 шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 7,2 пайызға артық орындалды.

Өткен жылы облыстық бюджеттен 2,1 млрд. теңге қаржы бөлініп, аудан орталығында халықтың әлеуметтік осал топтарына 144 пәтердің кілті табысталды. Аудан орталығында биыл «Руханият» орталығы бой көтеріп, пайдалануға берілді.

Бүгінде Шаған ауылындағы дәрігерлік амбулатория, Сәкен Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өткізілуде, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Бұл жұмыстардың жүзеге асуында құрылыс мамандарының еңбегі зор екенін айтқан аудан басшысы сала қызметкердері мен ардагерлеріне "Құттықтау" табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.

Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, құрылыс саласының ардагерлері Құдайберген Шыманов пен Нәзтай Тілемісова мерекелік лебізін білдіріп, іс-шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.

Фото: Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: