Kyzylorda-news.kz. Қазақ халқының асыл өнеріне бар ғұмырын арнаған мәдениет майталманы, киелі өнер иесі, танымал сазгер әрі қаншама төл туындының авторы Құлахмет Нәлтаевтың шығармашылығына арналған «Саз серісі» атты тақырыпта өрбіген мазмұнды кеш киелі Жаңақорған ауданы Аққорған жерінде өтті.
Құлахмет Нәлтаев оркестр орындауында керемет туындылармен Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, өнерін көрсетті. Дирижерлікті меңгерген шебердің өз құпиясы да бар. Айтуынша, адам үнемі ізденіспен қатар еңбекқорлық қасиет те қажет.
Кеште Бахытгүл Тасхожаеваның орындауындағы «Қызыл орамал» әні көрерменнің көзайымына айналса, «Түгіскен маршы» атты туындысы ауыл тұрғындарының әнұраны іспеттес.
Сексенге жуық ән жазып, бірнеше күйді өмірге әкелген Жаңақорған аудандық ұлт аспаптар оркестрінің дирижері, аудандық хордың жетекшісі, сазгер, күйші Құлахмет Нәлтаевтың төл туындылары Сыр жұртына кеңінен танымал. Әлі де жазары көп сазгердің шәкірттері, ізінен ерген іні-қарындастары осы күні қазақ өнерінің шыңына қадам басып, кейбірі ән әлемін мойындатып келеді. Міне, осындай ұстазға құрмет көрсеткен Түгіскен ауылдық клуб үйі ұжымы «Әлшекей» өнер мектебі мен «Түгіскен балалар мектебі» және «Бесарық өнер мектебінің» ұстаздарының басын бір арнада тоғыстырды.
Сан өнердің саңлағына арналған бұл кеш шағын қойылыммен басталып, соңы Құлахмет Нәлтаевтың дирижерлық етуімен Құрманғазының «Адай» күйімен жалғасын тапты. Одан әрі ұлылардан қалған ұлттық мұраны өлтірмей, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу жолында аянбай тер төгіп келе жатқан ұстаздың өзі Әлшекейдің «Отарбасын», Бәден Айсыновтың «Егемен Қазақстан», «Наурыз» және өзінің жүрекжарды «Жеңіс» туындысын орындаса, оркестрдің сүйемелдеуімен Құралай Әлиева «Ауылым», «Жайнайбер жастар» әнін көрерменге ұсынып, Олжас Ормаханов «Айттым сәлем, Қаламқасты» нақышына келтіріп орындады.
Жөргегі жырдан, әлемі әннен, сұлулығы сазбен өрілген, өнегелі өмірі көпке үлгі жанға бұл күні алыстан ат терлетіп, ұлағатты жолын көрсетіп келген қонақтар қатарында Құлахмет ағамыздың өмірдегі ұстазы, сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер ағамыз Зинабдин Шермағамбетов, сырдың тұмса таланты Сауран Елеуов, сыр сүлейлерінің сарқыты, ақын әрі кеш иесінің айнымас досы Серік Ыдырысов, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Пахмадин Айнақожаев және Мадияр Ахметов, Қалдыбай Қошбарбаев, Талғат Байбатыров, Ермаханбет Ибрагимов, Ермағамбет Құлымбетов, ауыл ақсақалдары мен ауыл әкімі Серік Туғанбаевтар болды. Олар кеш иесіне жылы лебіздерін қоса жеткізді.
Алғаш болып сөз алған ауданның құрметті азаматы, ардагер Зинабдин Шермағамбетов:
«Ауылдан, соның ішінде шәкірттерімнің арасынан осындай ардақты азаматтың шыққанына көкірегімде үнемі мақтаныш сезімі ұялайды. Өнер атты жолды таңдаған Құлахмет жастайынан өнер өрісін кеңейтуді көздеді және осы мақсатына жетті. Оған дәлел, осы қазір сахна төрінде орындалған жан тебірентер әндері мен күйлері. Жалпы, адам баласының жан жақты, өнерлі болғаны, алға ұмтылғаны дұрыс. Ал адамның жан дүниесін ақтару үшін оған ән айтқызу керек, сонда ғана оның өнерді – құдіретті күш, адамның жан серігі, рухани байлығы деп бағалағанын түсінесің. Түптеп келгенде қандағы өнерге деген тектілік шәкіртімді мәдениет саласына алып келді. Мен осыған қуанамын», – деді ұстаз.
Облысқа белгілі суырып салма ақын, талай аламанда топ жарған ақтаңгер Серік Ыдырысовтың да жүрекжарды тілегі көпті толқытты.
«Ұстаздан шәкірт озса игі» демекші, осындай рухани кештің өтуіне мұрындық болған Нәлтаевтың шәкірті, Бахытгүл Тасхожаеваны әңгімеге тарттық. – Өнер жолы – ауыр жол. Оны жүріп өту ерік-жігері мықты, еңбекқор, мақсатына адал адамдардың ғана қолынан келеді. Міне, осы айтылған қиындықты еңсерген Құлахмет ұстазымды «өнерді өмір деп таныған өнер майталманы» деп толықтай айта аламын. Ағайдың соқпағы көп жолда тума талантымен танылып қана қоймай, артыңда өшпестей із қалдырып жатқанының өзі нағыз бақыт», – деді ол.
Расында, оркестрде жиырмаға жуық адам болса бас домбыра, прима, виоленчель, тіпті сазсырнай мен сылдырмақтың тұтас әуенін үйлестіріп нотаға түсіруде кәсібилік аздық етеді. Оған түйсіктің алғырлығы мен сезімнің ұшқырлығы да қажет.