Kyzylorda-news.kz   Қазалы ауданына қарасты Қазалы қаласының халқы Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесін жоғары деңгейде тойлады. Мұндағы жұртшылық орталық алаңға ерте бастан жиналып, ұлттық тағам қатарындағы бауырсақ пен наурыз көжеден дәм татты. Түрлі тақырыптағы киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорттан жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қала өнерпаздары мерекелік көрініс қойып, ән шырқап, би биледі.

Салтанатты шараға Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет арнайы келді.

– Ардақты ағайын, қадірлі жерлестер! Баршаңызды тіршілік атаулыны тірілтіп, табиғатты түлеткен, сан түрлі ұлттардың бауырластығына арқау болған Ұлыстың Ұлы күні – әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

«Наурыз» сөзі біріншіден, «жаңа күн» дегенді білдірсе, екіншіден, күн мен түн теңеледі, сондықтан, барлық бастама, ұлы істі ырымдап, халық осы күні бастаған. Сол себепті, бұл күнді «Ұлы істің ұлы күні, яғни Ұлыстың ұлы күні» деп атаған.

Тарих тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда ерекше сән-салтанатпен аталып өтеді. Бұл бір жағынан өткенді саралап, болашағымызды болжайтын айрықша маңызға ие.

Бүкіл ғаламда күн мен түннің теңеліп, дастарханымыз аққа толатын, елге бақ қонатын бұл шақтың – қазақылықтың қаймағы саналатын біздің аудан үшін алар орны ерекше.

Қадірлі ағайын, халқымызды ғасырлар бойы нұр шуағына бөлеген Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтай отырып, шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Әз-Наурыз бар жақсылығын ала келсін. Лайым бірлігіміз бен берекеміз арта берсін. Ұлыс оң болсын. Ақ мол болсын! – деп Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Зинабдинұлы қазалылықтарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Сонымен қатар, Қазалы қаласының өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар азамат пен ұжымдарды «Алғыс хатпен» марапаттап, шынайы ризашылығын жеткізді.

Мерекелік шаралар барысында аудан әкімі мен бірқатар зиялы қауым өкілі және ардагерлер кішкентай бүлдіршіндердің тұсау кесу рәсіміне қатысып, бүлдіршіндерге ақ жол тіледі.

Ұлыс ұлы күніне арналған шара соңы қала өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, жиылған көпшілік мерекелік көңіл-күйді сезінді.

Тағы да оқыңыз: