Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы Қазалы аудандық филиалының қолдауымен Қазалы аудандық Қорқыт Ата атындағы өнер мектебінде күйшілер байқауы өтті.
«Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған шара оқушылар арасында дәстүрлі домбыра өнерін насихаттап, ұлттық мәдени құндылықтар мен мұраларды одан әрі дамытуды мақсат еткен.
Іс шараны ашқан аудандық Қорқыт Ата атындағы өнер мектебінің директоры Сәукен Әліш сайыстың маңыздылығына тоқталып, жас өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Жас ерекшелік бойынша сынға түскен 31 қатысушы еркін тақырыпта өздерінің қалаған күйлерін орындады. Орындалған күйлер қатарында «Адай», «Қос алқа», «Ерке сылқым», «Мерке», «Қара жорға», «Төремұрат» және тағы басқа да күйлер болды.
Күйші-домбырашылардың өнерін бағалауға партия филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық өнер мектебі директорының орынбасары Ақыл Қосуақов пен бөлім меңгерушісі Мирамкүл Байдәулетова төрелік жасады.
Әділ-қазылар алқасы орындаушының орындау шеберлігіне баса мән беріп, сахналық бейнесіне қарап бағалау жүргізді. Қорытындыға сәйкес жас ерекшелік бойынша 9 қатысушы жүлделі орындарға ие болды.
Атап айтқанда, 6-10 жас аралығындағы балалар арасынан Махмұдбек Байқоңыр, 11-13 жас аралығы бойынша Алтынбек Керімбек, 14-16 жас аралығындағы Сақан Ақсезім жеңіс тұғырынан көрінді. Кемелбай Әлихан (6-10 жас аралығы), Алпамыс Мереке (11-13 жас аралығы), Дәулетбеков Нұржан (14-16 жас аралығы) екінші орынды иемденді. Ал, Бекарыс Кәусар (6-10 жас аралығы), Нұрлыбай Ержігіт (11-13 жас аралығы), Жаңабекұлы Талғат (14-16 жас аралығы) үшінші орынды қанағат тұтты.
Жеңімпаздарды партия филиалының атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев құттықтап, арнайы дипломдар және сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар, өзге де, қатысушы үміткерлерге үздік өнер көресткендері үшін дипломдар табысталды.