Kyzylorda-news.kz   Жастар – қай заманда, қай елде болсын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Елдегі жас буын өкілдері мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Жаңа идея қазақ елінің жаңаруына, «Мәңгілік ел» болуына жол сілтейді. Жастар – қашанда белсенді буын өкілдері. Сондықтан жастардың білімді, қабілетті болуына әрдайым үлкен мән беріліп келеді.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп бұрынғылар бекер айтпаған болашағын ойлаған мемлекет бүгінгі жастарының жағдайын тасада қалдырмаса керек. Жастардың қоғамдық ой-санасын жетілдіру, шығармашылық әлеуетін арттыру жолында Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығының алар орны ерекше. Жаңашыл бастаманың жанынан табыла білетін мекеме аудан ғана емес, ауыл жастарының дамуына да септесіп, қоғамдық-саяси жобаларды сәтті үйлестіріп келеді.

Жалпы, жастар ресурстық орталығы немесе ЖРО – жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына жәрдемдесетін және жастар ұйымдарының қызметіне қолдау көрсететін ұйым. Жастарды жұмысқа тұруға дайындауға, цифрлық сауаттылығын арттыруға, инновациялық және кәсіпкерлік қызметін жандандыруға жәрдемдеседі. Бейресми білім беру арқылы жастардың өмірлік маңызды дағдыларын, компетенцияларын және дербестігін дамытады. Өтеусіз негізде жастарға психологиялық, консультативтік және заң көмегін көрсетеді. Жастар ортасында волонтерлік қызметті дамытуға, жас отбасылармен жұмыс жасау және жастарға отбасы өміріне дайындалуға жәрдемдеседі. Әртүрлі бағыт бойынша және жастардың мүдделері мен қажеттіліктері негізінде жобалар мен бағдарламаларды іске асырады. Жастар ұйымдарын, қозғалыстарын және жастардың өзін-өзі басқару органдарын дамытуға қолдау көрсетеді.

Жастарға қамқорлық

Қазалы ауданы бойынша статистикалық мәліметтерге сәйкес, ауданда – 23532 жас (ерлер – 12539, әйелдер – 10993) қоныстанған. Ол аудан халқының 29,7 процентін құрап отыр. Ауыл жастары – 21433 аудан жастарының 91 процентін, қала жастары – 2099 аудан жастарының 8,9 процентін құрауда.

Биыл Қазалы ауданы бойынша жыл көлемінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағытында бюджеттен 6 миллион 922 мың теңге бөлінді. 2023 жылға қарағанда, бұл 1,3 процентке өсті. Жалпы, орталыққа 51 миллион теңге берілді.

               Бүгінгі күнге дейін ерікті жастардың қатысуымен, 320-дан астам іс-шара өткізілді. Оған – 18000-ға жуық жас қатыстырылды.

Атқарылған шараларға анализдік талдау жасағанда, жастар ресурстық орталығының бастамасымен бүгінге дейін – 136-дан астам мәдени шара, 55 спорттық сайыс, мемлекеттік бағдарламалар бойынша сала мамандарымен бірлесе, 80-нен астам кеңес беру акциясы, жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бағыттары бойынша – 49-дан аса қоғамдық рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Орталықтың мамандарымен бірге 5000-нан астам жасқа кеңестер берілді. Оның ішінде – 50 жас құқықтық кеңес, 250 жас түрлі мәселе бойынша кеңес алған.

– Биыл жыл басында «Жаңа дәуір – Жаңа Қазақстан» жастар фестивалі ұйымдастырылды. Оған барлығы 157 жас қатыстырылып, 4 бағытқа бөлінді. Нәтижесінде, ғылыми жобалар бағыты бойынша үздік деп танылған жеңімпаздарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің  оқу гранты және оқу ақысына  25 пен 50 проценттік жеңілдікпен оқитын сертификаттары, «бизнес жобалар», «интеллектуалды сайыс», «патриоттық әндер» бағыттарына байланысты барлығы 300 мың теңгенің көлемінде қаржылай  сыйақылар табысталды. Бұл аталған шара алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – дейді Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов.

Қазалы ауданы бойынша NEET санатындағы жастар 829 жастан құралған.  Жастардың дерекқоры нақтыланып, байланыс құралдары мен мекен-жайлары анықталған, базаға тіркелген. Олардың 35 жасқа толған жастары – 177, бейресми жалдамалы жұмысшы жастар – 184, бала күтімінде – 105, тіркелмеген жұмыссыздар – 172, студент – 11, тұрақты жұмыс жасайтын – 62, мектеп оқушысы мен әскер қатарында – 2, тіркелген жерінде тұрмайтын – 75, жұмыс жасағысы келмейтін – 17, жеке кәсіпкерлер – 15, жазасын өтеушілер – 2, мүмкіндігі шектеулі – 3 жас бар.

– Мемлекеттік бағдарламалар бойынша орталықтың бастамасымен «Жастар жәрмеңкесі» атты ақпараттық түсіндірме жұмыстары өткізіліп келеді. Жастар жәрмеңкесінің нәтижесімен алғашқы жұмыс орны бойынша – 14, жастар практикасы арқылы – 313, әлеуметтік жұмысқа – 13, қоғамдық негіздегі жұмысқа – 328 жас тартылды.

Биыл мемлекет тарапынан қолданысқа енгізілген жастарға арналған 2,5 проценттік несие бойынша 35 жас аз пайыздық көрсеткіш мөлшерде несие алды, – дейді Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов.

«Ауыл аманаты» жобасы бойынша 17 жас несие алған. Аймақ жастарының баспаналы болуын қолдау үшін облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасы аясында Қазалы ауданы бойынша 5 жас баспаналы болды.

NEET санатындағы жастарға арналған «Zhas Project» шағын грант нәтижесі бойынша екі жас 1 миллион теңгеден грант ұтып, өз кәсібін бастады.

Еріктілер немен айналысады?

Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Біз біргеміз» еріктілер тобы 2017 жылдың 7 наурыз күні құрылған. Мұндағы ерікті жастар саны – 180-ге жуықтады. Олар түрлі бағыттарда өтіп жатқан шараларға қатысып келеді.

«Жас бастау» еріктілер тобы жас 38 кәсіпкерден құрылған. 2020 жылы пандемия кезінде құралды ерікті жастардың бағыты қайырымдылық акцияларын ауқымды түрде өткізіп келеді.

Еріктілер – қамқорлықты, көмекті қажет ететін адамдардың жанынан табылып, оларға қол ұшын созып, әлеуметтік жағдай жасауға асығатын жандар.

– Волонтер болу ол қолға ту алып, ұрандату немесе шағын жиындарда отырып, сөз сөйлеуде емес. Мен үшін волонтер болу қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып, әлеуметтік мәселелерді қозғап, қарт адамдарға барынша қолғабыс көрсету. Жастар саясатына араласып, тың идеяларды жандандырып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру болып табылады. Елдік нышан мен үшін әркез бірінші орында. Десек те, жастар саясатының еш керегі жоқ, дейтін наразылықтар туындап жатыр. Бас қосқан жиындарда талқыланып та жүр. Егерде жастар орталықтары болмаса, жастар қай жерден барып ақпарат алады? Жобаларды қалай жүзеге асырады? Жастардың саяси көзқарасын бір нышанға кім келтіреді? Жастардың шығармашылығын дамыту бойынша кімдер жұмыс жасайды? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік пе? Осылайша, бірте-бірте NEET санатындағы азаматтардың саны көбейіп, қоғамның кері кетуі басталмайды ма? Экономикасы тұрақты, мықты ел болу үшін де, болашақ жастар да, нарыққа сай даму керек. Ал, даму үшін жастар саясатының потенциалын, өсу деңгейін көтеру өзекті мәселе. Жастарға қолдау барда, олар міндетті түрде шетел аспай, туған жерінде абыройлы қызмет етеді, – дейді қазалылық ерікті жас Нұрай Бекжанқызы.

Отан қорғау борышың

Бүгінде Қазалы ауданында әскери есепте тұрған жастар саны – 3932 жасты құрайды. Әскери шақыру комиссиясына шақырылғандар – 328, шақыру комиссиясына уақытылы келгені – 123, әскер қатарына жолданған жастар – 172, іздеуде жүрген – 205 жас бар. Сонымен қатар, әртүрлі жағдайға байланысты әскерге жарамсыздары да анықталған. Олардың саны – 44 адамды құрап отыр.

– Қазіргі таңда пробация есебінде тіркеуде тұрған жастармен адресті түрде жұмыстар жүргізіп келеміз. 2023 жылы 30 жас тіркеуде болған. Биыл әзірленген көрсеткіш бойынша – 28 жас тіркеліп тұр.  Оның біреуі мектеп қабырғасында білім алып жүрген оқушы қатарында, – дейді Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Ақпанбетов.

Нұрбек Ақпанбетовтың айтуынша, Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығының қызметіне байланысты, жастардың туындаған сауалдарына арнайы сенім телефоны құрылған. Жастарға қызмет көрсететін сенім телефоны бойынша бүгінгі күнге дейін – 2778 жас бізбен байланыста болды. Оның – 951-і пікірсайыс, 615-і  спорттық сайыс, 740-ы әскери жарысқа, 320-сы мобилография курсына, 120 жас шахмат үйірмесіне, 32 жас бос жұмыс орындары бойынша хабарласып, орталық ұйымдастырған шараларға қатысқан.

Жаңа мүмкіндік

Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Жастарға жаңа мүмкіндік» ақпараттық керуені аясында түсіндірме жұмыстары өтті. Әйтеке би кенттік клубында ұйымдастырылған шараға аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Аян Алмағамбетов, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының кеңесшісі Дана Нұрқаш, сондай-ақ, жастар ресурстық орталығының кеңесшісі Азамат Алпамыс қатысты. Түсіндірме жұмыстары барысында алғашқы жұмыс орны бойынша – 7, жастар практикасы арқылы – 17, қоғамдық негіздегі жұмысқа – 1 жас жұмысқа орналасуға ниет білдірді. Жастраға арналған 2,5 проценттік несие алуға – 28 жас өтініш білдірсе, оның – 21-і құжаттар тізімін алған. Ал, қоныс аудару бағдарламасы бойынша Жезқазған және Абай облыстарына көшуге 3 жас отбасы қызығушылық танытып, қажетті сұрақтарға жауап алды. Кездесу барысында мемлекеттік бағдарламалар насихатталып, мағлұмат беріледі. Жұмыс іздеп жүрген жастарға мамандығына сәйкес «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс» бағдарламалары арқылы жұмыс ұсынылады.

2022 жылы Қазалы ауданы әкімдігінің қолдауымен және Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастар керуені» жобасы құрылды. Онда жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ауыл халқын өнермен сусындату, сондай-ақ, жастармен ашық аспан астында еркін әңгіме өрбітіп, Қазалы қаласының жастары арасында байланыс орнатуды көздеген болатын. Аталған жоба 2023 жылы да өз жалғасын тапты. Сол жылдың 8 маусым күні Әйтеке би кентінің оқушылар үйінің алаңында аталған жобаның салтанатты ашылу шарасы өтті. Суретшілер көрмесінен басталған шараны ашып берген аудан әкімінің орынбасары Дәурен Оңғарбайұлы жобаның жұмысына сәттілік тілеп, “Жастар керуені” алдағы уақытта Қазалы қаласы және ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде жалғасатынын айтты.

Сонымен бірге, суретшілер байқауының қатысушылары мен жеңімпаздарын “Алғыс хатпен” марапаттады. Бұған қоса, Шығыс аймақ жастары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортқа деген қызығушылықтарын арттыру бағытында “Жастар кубогы” жастар ресурстық орталығының және “Жастар Рухы” жастар қанатының ұйымдастыруымен футбол жарысы ұйымдастырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегер командаларға Қазалы аудандық жастар ресурстық орталығының  директоры Нұрбек Нысанбекұлы медальдар мен дипломдар табыстады.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында Ғ.Мұратбаев ауылында ауыл жастары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортқа деген қызығушылықтарын арттыруға орай “Жастар кубогы” жастар ресурстық орталығының және “Жастар Рухы” жастар қанатының ұйымдастыруымен қол добынан жарыс өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар гала концерт барысында марапатқа ие болды. Өте қызықты, әрі терең ойлауды талап ететін, халқымыздың даналығын көрсететін ұлттық ойындардың бірі – тоғызқұмалақ.

2023 жылдың 22 маусым күні «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында Ғ.Мұратбаев ауылында ауыл жастары арасында спортқа деген қызығушылықтарын арттыру, бос уақыттарын тиімді пайдалану, жасөспiрiмнiң ақыл-ойын шыңдап, ми қызметiн жетiлдiретiн ойындардың бірі – тоғызқұмалақтан турнир өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар құрметке бөленді.

Сондай ақ, Ғ.Мұратбаев ауылдық округінде жас кәсіпкерлердің бизнес-форумы ұйымдастырылды. Форумның негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамыту бойынша жастарға бағыт-бағдар беру, олардың кәсіпкерлікке деген ынтасын арттыру болып табылады. Орта Азия мен Қазақстан жастарының жалынды жетекшісі Ғани атындағы ауылдың саябағында өткен ауқымды шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы барды. Аудан басшысы ең алдымен көрмеге қойылған Көларық, Бірлік, Өркендеу, Сарыкөл, Басықара, Құмжиек, Қарашеңгел, Ғ.Мұратбаев ауылдық округтерінің өнімдері және кәсіпкер Руслан Жаңалықұлының хош иісті сұйық сабыны мен ыдыс жууға арналған сұйықтықтарын тамашалады.

Мұнан соң ашық аспан астында ауданның жас кәсіпкерлерінің қатысуымен өткен форумды Мұхтар Әуесұлы жүргізіп, Қазалыда шағын және орта бизнес саласында – 2680 жас кәсіпкер бар екенін атап өтті.

– Биыл Ұлттық жоба аясында 33 жас кәсіпкерге жеңілдетілген несие берілді. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 24 жас әртүрлі салада қайтарымсыз грант иеленіп, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Бұл бізді қуантады. Бүгінде кәсіпкерлердің ел болашағы үшін өзіне зор жауапкершілік алуға дайындығы да аса маңызды. Сондықтан бүгінгі форум жастарымызға бағыт-бағдар беріп, ынтасын арттыру және бизнеспен айналысушылар қатарын көбейту болып табылады, – деді аудан басшысы.

Шарада “Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” акционерлік қоғамы басқармасының бас менеджері Мейрамбек Кеңесұлы жеңілдетілген несиенің тиімді тұстарын айтып берді. Сондай-ақ, “БанкЦентрКредит” акционерлік қоғамының Қазалы ауданындағы бөлімше директоры Абылайхан Ғабитұлы аталған банктің кәсіпкерлерге арналған несие түрлеріне байланысты ақпаратымен бөлісті.

Егер белгіленген жоспардың барлығы табысты нәтиже көрсетсе, мемлекеттік жастар саясаты жаңа белгілі нәтижелер алатыны айқын. Ал, жастар өмірі сапалы жаңа деңгейге көтеріледі. Бұл өз деңгейінде мемлекеттің гүлденуіне және азаматтардың жарқын болашағына кепіл болады.

02969c2e-678f-4375-801a-48040dd64ba2 (1).jpg

Тағы да оқыңыз: