Kyzylorda-news.kz  Қазалыда ҚР мәдениет қайраткері, әнші-композитор Сауранбек Еркінбекұлы Елеуовтің «Сырдария -Жырдария» атты шығармашылық концерті өтті.
Кеше Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында Жаңақорған ауданында дүниеге келген, республикаға танымал сазгер, халықты ән құшағына бөлеп, алдыңғы буын ағалар дәстүрін жалғастырып жүрген Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік Университетінің Орындаушылық өнер кафедрасының доценті, Қазақстан Жастар сыйлығының лауреаты, ҚР мәдениет қайраткері, әнші-композитор Сауранбек Еркінбекұлы Елеуовтің «Сырдария-Жырдария» атты шығармашылық концерті өткізілді. Шарада сазгер өз әндерін орындап, көрермен қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар, шарада аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов сөз сөйлеп, кеш кейіпкері Сауранбек Еркінбекұлына аудан әкімі Мейрамбек Зинабдинұлының Алғыс хатын және сый-сияпатын табыстады.
Концерттік бағдарламада сазгердің «Сырдария-Жырдария», «Айдында жүзген аққулар», «Өлеңім - өмірім», «Ғанидың жұлдызы», «Жұлдызым», «Армысыздар адамдар», «Қаракөзім», «Жаным-ау түсінбедің», «Айналайын» өз әндерін және халық әндері «Қарағым-ай», «Қыздар-ай», «Әке дауысы» сонымен қатар Рамазан Таймановтың жергілікті композитор Кеңес Дүйсекеевтің әндерін орындады.

 

Тағы да оқыңыз: