Қазалыда Наурызнама күндеріне орай Ұлыстың ұлы күні мереке аясында Қазалы аудандық мәдениет бөлімі мен Әйтеке би кенттік мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Бекарыстан би ауылында "Отанды сүю – иманнан" атты қайырымдылық кеші өтті. 
Көңілді кештің алғы сөзін алған Майдакөл ауылдық округінің әкімі Қонысбек Кітабияұлы алдымен жанашырлық танытып, жақсылық жасап жарысқан Қазалы ауданының өнерпаздарына жүрекжарды лебізін білдірді. 
– Бұл күн еліміздің халқын мейірімділік пен тату көршілікке шақырады. Мұқтаж жандарға қол ұшын созу, кімге болсын құшағын жайып, қонақжайлылық көрсету – қазақтың қанында бар қасиет. Наурызды мерекелеу кезінде бұл қасиеттерді барынша кеңінен насихаттау, оның қадірін арттыру аса маңызды. Өйткені, көшпенділер мәдениетінде өзара көмек, жанашырлық пен қамқорлық кез келген қиындықты жеңіп, мақсат-мұратқа жетудің тетігі болған. Әйтеке би кенттік мәдениет Үйінің атынан қайырымдылық концертте өнер көрсеткен өнерпаздарға шынайы алғысымызды білдіреміз. Өнер айдынында талаптарыңыз талмасын, игі іске ортақ болған ниеттеріңіз қабыл болсын, оң болсын! Көздеген мақсаттарыңызға жетіңіздер, өнерлі жандар. Қазалы аудандық мәдениет орталығының, Әйтеке би кенттік мәдениет үйі және "Айнұр" тобының өнерпаздарына көптен көп рахмет. Өнерлеріңіз өрге жүзсін, – деді ауыл әкімі Қонысбек Кітабияұлы. 
Мұнан соң, мәдениет орталығы мен кенттік мәдениет үйі өнерпаздары ән шашу арнап, күмбірлете күй ойнап, шыр көбелек айнала биледі. Бұған дән риза болған ауыл тұрғындары қос қолдап, шапалақ соғумен ыстық ықыласын жеткізді. 
Жалпы, кештің ұйымдастырылуына тағы бір себеп болып отырған Бекарыстан би ауылындағы "Аманбай ахун" мешіті жанынан тұрғындар асарлатып салып жатқан асхана құрылысына қаржылай көмек беру еді. 
Шара соңында, өнерпаздар жиналған қаржыны аталмыш мешіттің имамы Ерболат Қалиевке табыстады.

Тағы да оқыңыз: