Биылғы Ұлыстың ұлы күні жылдағыға қарағанда сән-салтанатымен, жалпыхалықтық сипатымен ерекшеленді. «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес Қазалы ауданында 14 – 23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі ұйымдастырылды. Бұл онкүндік төл мерекемізді атап өтудің жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ең жақсы адами қасиеттерді – ашықтықты, шынайылықты, жауаптылықты, қайырымдылықты насихаттауға бағытталған. Ауданда арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, әр күн белгілі бір тақырып аясында өтті.

Осыған орай барша қазалылықтар ауданның барлық аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, ағаш көшеттерін отырғызды.

Аудан орталығындағы Теміржол вокзалы алдындағы саябақта аудандық Әйелдер және Аналар кеңесінің мүшелері Тазару күніне орай ағаш көшеттерін отырғызды. Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Шермағанбет те ағаш егу рәсіміне қатысып, экологиялық науқанға атсалысты. Сондай-ақ, аналармен пікірлесіп, бұл күн азаматтарға қоршаған ортаны қорғауға, қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға үлкен мүмкіндік беретінін жеткізді.

Мұнан соң Әйтеке би кенті мен шет аймақтарда өткен тазалық жұмыстарын аралады.

Айта кетейік, жалпы ауданда өткен бүгінгі сенбілік жұмыстарына 147 мекеме, кәсіпорынның 2982 қызметкері өз үлестерін қосты. 41 дана техникалар жұмылдырылып, нәтижесінде 39,2 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы орынға шығарылды.

 

Тағы да оқыңыз: