Kyzylorda-news.kz. Әйтеке би кенттік мәдениет үйі өнерпаздары «Атамұра» ардагерлер халық ансамблі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай қазалылықтарға концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Онда ансамбль мүшелері жиналған жұрттың жаны мен тәнін әсем әнмен тербеді. Бұдан кейін Әйтеке би кенті әкімі апппаратындағы ер азаматтар қауымы әйел азаматшаларға сый-құрмет көрсетті. Салтанатты кеш барысында Әйтеке би кентінің әкімі Қайрақбай Жақсыбайұлы нәзікжандыларға ыстық ықыласын білдірді. Барша аналарды айтулы күнмен құттықтады. Содан соң мәдениет үйінің қызметкерлері Әлібек Айдар, Бауыржан Ізмағанбетов, Рақымжан Мақсатбаев, Альбина Сембай, Еділ Нағыметов, Кеңес Ердәулетов сынды өнерпаздар ән шашуларын арнады.

Келесі кезектегі «Қазалы соқырлар қоғамы қоғамдық бірлестігі» мен «Қазалы ауданының мүгедектер қоғамы» бірігіп өткізген «Өмірдің гүлі, өмірдің жыры – Аналар» атты іс-шараға ұласты.

Мерекелік басқосуда қоғам мүшелері әсем ән тарту еткен өнерпаздарға жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ шара соңында қоғамдық бірлестік мүшелеріне «КазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен сый-құрмет көрсетілді. Сонымен бірге ерекше балаларға арналған концерттік қойылым қойылды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің ұйымдастыруымен үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын ерекше жағдайдағы қыздар арасында мерекеге орай «Өмірдің гүлі, өмірдің жыры – Аналар» атты іс шара жалғастырылды.

Кеш аясында қатысушылар және олардың ата-аналарын аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Совет Бабанаев құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Іс-шараның мақсаты – анаға деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру мен құрметтеу, сыйлау мен балалардың бойындағы жеке қабілеттерін дамыту, адамгершілікке пен ізгілікке және достықты қастерлей білуге тәрбиелеу болды.

Ерекше балалармен бірге ата-аналар мен әлеуметтік қызметкерлер би билеп, ән салып, өз өнерлерін ортаға салды. Бүлдіршіндердің өнерін көзбен көріп, өмірге деген құштарлығына барша жұрт тәнті болды.

Мұнан соң Әйтеке би кенттік мәдениет үйінің өнерпаздары және мәдениет үйі жанындағы ВИА «5 Аймақ» тобы мерекелік ән шашуларын кәсіпорын алдында жанды дауыста шырқады. Базар маңындағы халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлау, мерекенің сәнін келтіру мақсатында ұйымдастырылған еркін форматтағы кешке барша тұрғындар ризалығын жеткізді.

Тағы да оқыңыз: