Kyzylorda-news.kz  Жуырда Қазалыда ән әлемінің ақ баяны атанған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, жезтаңдай әнші Мәдина Ералиеваның 70 жылдығына орай «Ақ баян» атты республикалық әншілер байқауының облыстық іріктеу кезеңі өтті.

Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен байқауға 18-35 жас аралығындағы Қазалы ауданымен қатар Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Арал аудандарынан және Қызылорда қаласынан барлығы 10 әнші қатысты. Байқауға қатысушылар екі кезең бойынша бақ сынап, бірінші кезеңде Мәдина Ералиеваның репертуарынан бір ән және екінші кезеңде еркін тақырыптағы бір әннен орындады.

Байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды Сырдария ауданынан келген Аяулым Бекболатова мен Шиелі ауданының жезтаңдайы Бекарыс Бауыржан иеленді. Ал жүлделі екінші орынды Жалағаш ауданынан келген Алтынай Көлбаева, бірінші орынды Жаңақорған ауданынан АйсаулеҚияс иеленді. Ал байқаудың бас жүлдесіне қазалылық жезтаңдай әнші Рақымжан Мақсатбаев ие болып, Мәдина Ералиеваның 70 жылдығына арналған республикалық әншілер байқауына жолдама алды. Байқауға қатысқан өнерпаздардың барлығына Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, байқау басталмас бұрын қонақтар мәдениет орталығында ұйымдастырылған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиеваға арналып жасалған көрмені тамашалады.
 

Тағы да оқыңыз: