Kyzylorda-news.kz  Кез келген табалдырығынан еркін, тіпті еркелей еніп, енапат білімнің қайнарына бас қоятын кітапхананың ұшан-теңіз қызметі жай көзге елене бермеуі мүмкін. Өйткені кітап-түбі жоқ мұхит. Тілсіз қазына. Ізденгенге керегін тегін ұсынып, қызметіне ақы сұрамайтын даналықтың дариясы.

Қазалы аудандық орталық кітапхананың қызметкерлері енді оқырмандарға түнгі 24 - 00-ге дейін кітап алып оқуға қызмет ететін болады.

Бұл бастаманың негізгі мақсаты – кітап оқуды насихаттаудың заманауи әдісі әрі еліміздегі кітапханалар ахуалы мен көркем әдебиеттерге деген оқырманның қызығушылығын арттыру болып отыр. Сонымен қатар, қоғам назарын кітапқа аударуды діттеген болатын. Бұл әрине, Қазалы ауданында алғашқы рет қолға алынуда.

Түнгі ауысымдағы кітапхананың тұңғыш жұмысына Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов пен бірқатар бөлім басшылары арнайы барып, жаңа, әрі тың бастамаға сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ, кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені» деп Мемлекет басшысының сөзін тілге тиек еткен Дәурен Оңғарбайұлы, бұл бастама оқырмандар үшін, әсіресе, кітапсүйер жастар үшін жаңа серпін беретінін атап өтті.

Тағы да оқыңыз: