Kyzylorda-news.kz. Жол қатынасы ел экономикасын дамытуға, жолаушылар тасымалын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытып, жүк тасымалын ұлғайтуға, сондай-ақ халықаралық, елішілік қатынастың артуына айрықша әсер етеді. «Жол қадірін жүрген біледі» деген мақал да оның машақатын түсінгендер тарапынан айтылса керек. Ал мұндай олқылықты болдырмау – бүгінгі заманның талабы. Ұлттық мереке – Республика күні мерекесі қарсаңында Қазалы ауданына қарасты Әйтеке би кенті мен Басықара ауылы арасындағы жолды жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Екі елді мекен арасындағы 19 шақырым жолды асфальттау жұмыстарын "Строй Модуль Астана" ЖШС жүргізді.
Жергілікті кәсіпкер Жасұлан Шамұратов басшылық жасайтын серіктестіктің жұмысшылары белгіленген жұмысты сапалы әрі уақытылы тапсырды.
Бұл жол арқылы Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Басықара және шалғайдағы Сарбұлақ ауылының тұрғындары аудан орталығына қатынайды. Сондықтан олар үшін екі аралықтағы жолдың тақтайдай тегіс болғаны маңызды.
Бүгін Басықара елді мекенінде өткен ауыл күніне жиналған көпшілік жол жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізген серіктестіктің басшылары алғысын айтып, ризашылықтарын білдірді.


