Kyzylorda-news.kz. Бүгін А.Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қызылорда қаласының, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Әскербек Рахымбекұлы ағамыздың 80 жылдығына арналған «Қара өлеңнің құлагері» атты еске алу шарасы өтуде.
Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов қаламгердің өнегелі өміріне тоқталып, еске алу кешін ашып берді.
Іс-шараға ақын ағаның көзін көрген барша әріптестері, замандастары және әдебиет сүйер қауым қатысуда. Кеш барысында Сыр өнерпаздары ақынның сөзіне жазылған ән-жырдан шашу шашып, ал жас ақындар әдебиет майталманының арнауларынан, драмалық шығармаларынан үзінділер оқып, көпшіліктің көңілінен шығуда.
Шарада Әскербек Рахымбекұлының бірге оқыған достары, замандастары, жазушы Махмұтбай Әміреұлы, ақын Қаршыға Есімсейітова, Зинабдин Шермұхамедұлы, Шәкизада Әбдікәрімов және Дүйсенбек Аяшұлы, жылы естеліктерімен бөлісуде.
«Әсекең өте ақжарқын жан еді. Әрдайым өзінің артынан ерген іні-қарындастарына үлгі болып, жанындағыларға жылулық сыйлай білді. Осы қасиеті арқылы ортасында абыройлы болды. Бүгінгі еске алу кеші келер ұрпаққа қалатын ізгілікті іс. Қазақ поэзиясында Әскербектің есімі мәңгі өшпейді»,- деді Махмұтбай Әміреұлы.
А.Тоқмағанбетов 1942 жылы 22 наурызда Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы Қоғалыкөл ауылында туған. Қызылорда пединститутының филология факультетін және Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітірген. Сырдария аудандық «Сырдария» газетінде, Қызылорда облыстық телерадиокомитетінде және облыстық партия комитетінде қызмет еткен. 1970 жылдан бері облыстық «Сыр бойы» бұрынғы «Ленин жолы» газетінде қалтқысыз қызмет істеп келеді. Қаламгер бірнеше жыр жинақтарының авторы, «Жалын» баспасы жабық бәйгесінің екі дүркін жүлдегері.