Kyzylorda-news.kz Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Соның ішінде жерлесіміз Асқар Жұмаділдаев бар.
«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті А.Жұмаділдаевқа берілді.
Асқар Жұмаділдаев – әйгілі академик, математик. 1956 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Шиелі ауылында туған. 1962 жылы №299 темiржол төртжылдық бастауыш мектебiне, 1966-69 жылдары №45 Октябрьдiң 14 жылдығы атындағы қазақ орта мектебiнде оқыған. 1970-72 жылдары Алматыдағы №56 Сатпаев атындағы физика-математика мектеп-интернатында оқыды. 1980–90 жылдары Математика және механика институтында (қазіргі Математика институты) кіші, аға, жетекші ғылым қызметкер болды. 1990 жылдан сол институтта алгебра лабораториясының меңгерушісі. Жұмаділдаевтің негізгі ғылым-зерттеу еңбектері Ли алгебрасының когомология теориясына арналған. Ол оң сипаттамалы Ли алгебрасының когомологиялары мен деформацияларын және олардың қолдануын зерттеген. Векторлық өріс алгебрасының бөлшектенбейтін кеңеюін есептеген. Ассоциативті емес алгебраның тепе-теңдіктерін тапты. Қазақстан президентінің жалақысын тұңғыш болып есептеген математик ұялы телефонды мүлде ұстамайды. Ол «Төрткен» және «Төртқара» алгебрасын ойлап шығарған қазақтың тұңғыш математигі. Асқар Жұмаділдаев Германиядағы Гамбург, Мюнхен, Билефельд университеттерінің профессоры болды. Кэмбридж университетінің жанындағы Ньютон институтында, сондай-ақ, Италиядағы А. Салам атындағы Халықаралық теориялық физика орталығында, Швеция корольдік Ғылым Академиясының Миттаг-Леффлер атындағы Математика институтында, Канададағы Фильдс атындағы Математика институтында қызмет атқарып, дәріс оқыған.