Kyzylorda-news.kz «Витебсктегі славян базары» жарысы аясында өткен халықаралық Dream Dance Fest байқауында қазақстандық «Жас өркен» би ансамблі 1-орынға ие болды.

Халықаралық би жарысы Беларусь елінің Витебск қаласында өткен. «Жас өркен» жетекшісі Аида Келгенбаеваның айтуынша, қазақстандық биші қыздар 20 шақты команданы артта қалдырып, 1-орынды жеңіп алған. Ал Гран-При жүлдесі Беларус елінің ұжымына берілген.

– «Славян базары» аясында Dream Dance Fest хореграфиялық байқауы өте жоғары деңгейде өтті. Әртүрлі мемлекеттерден келген 20-дан аса би ансамбльдері қатысты. Солардың ішінде топ жарып, 1-орынға ие болғанымызға өте қуаныштымыз. Бұл біз үшін бірінші халықаралық жарыс емес. Былтыр Грузияға барып, онда да бірінші орын алғанбыз. Оған дейін Түркия еліндегі жарысқа қатысқанымыз бар. Бірақ солардың ішінде осы «Славян базарындағы» ірі жарыста жеңіске жеткенімізге қуанамыз, – деді Аида Келгенбаева.

Сондай-ақ ол «Жас өркен» би ансамблі 2007 жылы құрылғанын атап өтті. Топ жетекшісінің айтуынша, қазір ансамбльде 150-дей бала бар. Негізгі бағыты – ұлттық билер. Дегенмен, эстардалық және заманауи билер де үйретіледі.

– Біз Беларусь елінде аққу биін биледік. «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінің «Көркем саз» деген әуеніне би қойдық. Осы би арқылы қазақ қыздарының нәзіктігін, қарапайымдылығын, сыпайлығын көрсеткіміз келді. Сол мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Өте әсерлі қойылым болды. Сол жақтың әділқазылары, көрермендері қазақтың киімдеріне, биіне тәнті болды, – деп атап өтті ол.

Аида Келгенбаева Витебск қаласында өткен жарыста әділқазылардың дауыс беруі жабық өткенін және ашық талқылау болмағанын айтты.

– Біз бірінші орын алғандықтан, әділқазылар жоғары бағалады деп ойлаймын. Бірақ жабық дауыс беру болды. Әр ансамбль өнер көрсеткен соң, бірден бағалау парақтарына ұпай жазылып, оны кураторлар жинап алып кетеді екен. Бізде секілді талқылау болмайды. Сол ұпайларды соңында санап, жеңімпазды анықтады, – деді ансамбль жетекшісі.

Қазақ биін Еуропада паш етіп, жоғары нәтижеге жеткен биші қыздар қазіргі уақытта елге оралған. Аида Келгенбаева бұл жарыс ансамбль үшін үлкен тәжірибе болғанын атап өтті.

– Көңіл-күйіміз өте жақсы. Себебі осындай халықаралық жарыста абыроймен қайтқанымызға қуаныштымыз. Мұнда қаншама талантты балаларды, ұстаздарды көрдік. Олардан сабақ алдық. Білімімізді толықтырып келдік деп айта аламын, үлкен тәжірибе болды, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Сағын Өмірбайұлы «Славян базарының» балалар байқауында екінші орын алған еді.

Фото: Аида Келгенбаева/ “Жас өркен” би ансамблі

Тағы да оқыңыз: