Kyzylorda-news.kz. Кеше Мұхтар Әуезов атындағы қазақ Ұлттық театрының кіші залында Анураг Кашьяптың «Кім?» мистикалық триллері ұсынылды.
Театр сахнасына орындықтар қойылып, көрермендер спектакльді жақыннан тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Айта кету керек, тың ізденіспен қойылған режиссер Қанат Архабаевтың спектаклі көрермендерге өзгеше әсер қалдырды. Қорқыныш, үрей, сенімсіздік секілді сезімдер тоғысқан қойылымнан кейін алматылық көрермендер сыр сахнагерлерінің өнеріне қошемет көрсетіп, ыстық ықыластарын жаудырды.
Сонымен қатар кеше алматылық талғампаз көрермендер назарына Ұлттық театр сахнасында Александр Володиннің «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасы ұсынылды. Спектакль соңында қойылым композиторы Ғазизхан Шекербеков, режиссер Данияр Базаркулов сахнаға шығып, театр актерлерімен бірге көрермен қошеметіне бөленді.
Айта кету керек, Сыр сахнагерлерінің гастрольдік сапарына орай М.Әуезов атындағы қазақ Ұлттық драма театрында баспасөз брифингін өткізді.
Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Қазбекова Мира Жомартқызы, майталман режиссер Хұсейн Әмір-Темір және театр басшысы Ниязов Мұхтар Мәуленұлының қатысуымен өткен брифингке БАҚ өкілдері, театр сыншылары гастрольдік сапар жөнінде ақпараттар алды. Сонымен қатар театрдың 1-ші қабатында «Сыр сахнасының келбеті» атты көрме ұйымдастырылды.
Алғашқы гастрольдік сапардың ашылуында сахна төріне басқарма басшысы Мира Қазбекова, Қазақстанның халық артисі, профессор Есмұхан Обаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов сыр театрының қазақ сахнасына қосқан үлесі, шығармашылық деңгейі туралы сөз қозғап, жылы лебіздерін білдірді.
Қалың көрермен арасынан жазушы драматург Дулат Исабеков, педагог Дариға Тұранқұлова, белгілі театр сыншысы Бахыт Нұрпейіс және өнер майталмандары қойылымды тамашалады.
Бүгін алматылықтар Шыңғыс Айтматов повесінің желісі бойынша «Жәмилә» драмасын тамашалайды.