Kyzylorda-news.kz Достық үйінде «Қазақ поэзиясының асқар биігі – Абай» атты танымдық кездесу өтті. Іс-шараны «Ситуативті қазақ тілі: Мәміле» пікір алмасу клубы ұйымдастырды.
Кездесудің мақсаты – Абай мұрасын рухани құндылық ретінде насихаттау, жастарға тәрбиелік бағыт беру және қазақ әдебиетінің ұлы тұлғасы Абай Құнанбайұлының еңбектерін кеңінен таныту.
Кездесудің модераторы, «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Омаров Дәулет Кәрібайұлы құттықтау сөз сөйлеп, Абай шығармашылығының қазіргі қоғамдағы тәрбиелік мәніне тоқталды.
Онлайн байланыс арқылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры, философия докторы (PhD) Жетібай Рақымберді Қажығалиұлы «Абай ілімінің жоғары оқу орнындағы тәрбие және әлеуметтік салада қолданылуы» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
Шара барысында филология ғылымдарының кандидаты, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Айтбаева Айман Ералықызы Абай шығармашылығының көркемдік құндылығы мен тіл мәдениетіндегі орны туралы терең ойларымен бөлісті.
Сондай-ақ «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша төрағасы Пак Елена Владимировна мен Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкері Марат Ұлан өз пікірлерін білдіріп, Абай мұрасын түрлі салада қолдану мүмкіндіктері жөнінде сөз қозғады.
Кездесуді ҚАЖ департаментінің қызметкері Қалмұрат Ақниет орындаған ән көркем әсерге бөледі.
Жиын соңында қатысушылар арасында пікір алмасу ұйымдастырылып, кездесуге қорытынды жасалды. Қызылорда облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының өкілі Айбек Әбдіразақ, Татар этномәдени орталығының төрағасы Галия Гизатуллина мен Славяне этномәдени орталығының төрағасы Галина Щербакова сөз сөйлеп, Абайдың рухани мұрасын жаңаша қырынан тану және оны қазіргі қоғаммен сабақтастыру бағытындағы ұсыныстарын жеткізді.