Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданы әкімдігінің қолдауымен Қармақшы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Көшеней Рүстембекұлы атындағы «Жыраулар үйінің» ұйымдастыруымен Сыр сүлейі, есімі алты Алашқа мәлім Шығыстың шайыры атанған, ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің шығармаларын насихаттау, болашақ жастардың жадында қалдыру мақсатында «Тұрмағамбет жырлары – жаңа ғасыр көгінде» атты аудандық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы ұйымдастырылды.

Көркемдеп оқу байқауына аудан көлеміндегі кент, елді-мекендердегі мектептерден 23 үміткер қатысты. Байқауға қатысушыларға Көшеней Рүстембекұлы атындағы Жыраулар үйінің директоры Айгерім Ешбаева сәттілік тілеп, құттықтау сөз сөйледі. 

Арнайы құрылған қазылар алқасының құрамында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалының төрайымы Күлжауһар Раева, ақын, ұстаз, «Тұрмағамбет ақын» үйірмесінің жетекшісі Нұршат Наурызбаева, жырау, ұстаз, Көшеней Рүстембекұлы атындағы Жыраулар үйінің директоры Айгерім Ешбаевалар болып, төрелік етті. Олар талапкерлердің өнерін саралап, сөз саптауын, дауыс мәнеріне қарап бағалады. Сайыс нәтижесінде №29 мектептің 5 сынып оқушысы Фатима Мархабатова І орынды қанжығасына байлады. Ал жүлделі ІІ орынды /№80 мектептің 9 сынып оқушысы Мақпал Құрманбекова мен №99 мектептің 9 сынып оқушысы Тоғжан Нұраддиндер өзара бөліссе,  ІІІ орынға №30 мектептің 9 сынып оқушысы Құралай Аппазоваға №28 мектептің 3 сынып оқушысы Шерхан Әміреев, №269 мектептің 8 сынып оқушысы Меруерт Жасұланқызылар жайғасты. Оларға арнайы дплом мен марапатталып, сыйлықтар табысталды. Қалған барлық қатысушылар арнайы алғыс хаттар және сыйлықтар табыс етілді.

Сыр өңіріндегі ақын-жыраулардың көкірегінен төгілген жырларын құмның арасынан іздегендей тірнектеп жинап, бұл қымбат қазынаның сыры мен сымбатын жұртшылыққа жеткізу – кейінгі ұрпақтың міндеті. Тарих қойнауында жатқан өз заманының белгілі тұлғалары ақындар мен жыраулар осылайша халықтан өз бағасын ал бермек. Артында сұлу сөз бен өлместей мұра қалдырған атақты дара тұлғаларды қалай құрметтесек те артық етпейді.
 

Тағы да оқыңыз: