Kyzylorda-news.kz. Талантты жандар қандай ортада болмасын табылады. Бойдағы өнер ертелі-кеш жарыққа шығады. Жуырда Сырдария ауданы әкімдігінің мен аудандық мәдениет және спорт бөлімі және аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен талантты өнерпаздардың орындаушылық шеберліктерін шыңдауына қолдау көрсетіп, насихаттау, ән әлемінің өзіндік құпиясын бойларына сіңірту, өз тарихын,бояуын жоғалтпаған халық әндерін жаңғырту,қос дауыста ән салушылардың тәжірбие алмасуына жұмыс жасау мақсатында дәстүрлі “Жұлдыз like 2023” облыстық телевизиялық жобасы өткізілді. 

Байқауға Қызылорда қаласы Қызылжарма ауылдық мәдениет үйі, Сырдария ауданы, Арал, Жаңақорған, Қармақшы аудандарынан 5 жұп додаға түсіп, өзара бақ сынасты. Қатысушы талапкерлер 2 кезең бойынша өнерлерін ортаға салды. Бірінші кезеңде халық және халық композиторларының әндерін орындаса, 2 кезеңде кинофильмдерге жазылған әлемдік немесе Қазақстан композиторларының саундтректерінен бір ән орындады. Байқауға Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, композитор «Құрмет» орденінің, «Шапағат» медалінің иегері, Қызылорда қаласының, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Рамазан Тайманов, Қызылорда қалалық «Өнер» мектебінің «Балбұлақ» /үлгілі/ халықтық би ансамблінің жетекшісі, Қазақстан хореографтар одағының мүшесі, мәдени-тынығу жұмыстарының ғылым магистрі Асел Идирисова, Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық-академиялық музыкалық театрының актері, облыс әкімінің «Сыр үміті», «Тұран» сыйлығының иегері, Еркін Берікболатұлы, облыстық Қызылорда телеарнасының бас продюсері Дәулетхан Мұратұлы, Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының директоры, Сырдария аудандық мәслихатының депутаты, облыс әкімінің «Жыл волонтері» сыйлығының иегері Нұрман Мүсілімұлы қазылық жасады. 

Байқау қорытындысы бойынша қармақшылық қос өнерпаз жеңіс тұғырынан көрінді. Азамат Алтай мен Айжан Қыдырбек байқаудың бас жүлдесін иеленіп, 150000 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал жүлделі І орынға Сырдария ауданынан қатысушы Нұрбол Тұранов пен Динара Жакешова жайғасып, 100000 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды. Жүлделі ІІ орынды Арал ауданының өнерпаздары Қайрат Алмағанбетов пен Айгерім Серікова иеленіп, 80000 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Қызылорда қаласының Қызылжарма ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары Дулат Сағад пен Мейрамбек Көшеков байқаудың ІІІ орын иегерлері атанып 70000 мың қаржылай сыйлықпен марапатталды. Жаңақорған ауданының өнерпаздары Аманжол Сламов пен Айсауле Қияс байқаудың Алғыс хатымен марапатталып 50000 мың қаржылай сыйлық иеленді.

Тағы да оқыңыз: