Kyzylorda-news.kz  Қармақшыдағы аудандық кітапханаға барған сайын кітапханашылардың ауызбіршілігіне, ұйымшылдығына тәнті болып қайтатынбыз. Ал мұндағы өткізілетін іс-шараның басы-қасында аудандық кітапханалар жүйесінің директоры Гүлшара Қаниева жүретінін жиі аңғарамыз. Еліміздегі мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай білікті басшымен тілдесудің сәті түскен еді.

Кітапқа, әдебиетке бала күнінен қызыққан кейіпкеріміз мектеп бітірген соң  Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының «кітапхана ісі» факультетіне оқуға түседі. Институтты тәмамдаған соң Майлыөзек ауылдық кітапханасына жұмысқа орналасады. Араға бір жыл салып, аудандық кітапханаға библиограф болып ауысады. 1989-2003 жылдар аралығында кітапханашы библиограф, әдіскер, әдістеме-библиография бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 2003 жылдан аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.

– Өмірдегі бар ұстанымым – адам болу, адал болу. Қайсыбір істе болсын сабырлық таныту. Ал ұжымда ең бірінші талап ететінім – тәртіп. Себебі қандай да бір істе болмасын ұқыптылықты жақсы көремін. Одан кейінгісі өтірік айтпау. Өтіріктің өрге баспайтыны бесенеден белгілі ғой, – дейді кейіпкеріміз сөз арасында.

Иә, кітапхана – білімнің мөлдір бұлағынан шәкірттерді сусындатып, олардың рухани дүниесін молайтатын тағылымы мол тәрбие ошағы. Ал кітапханашы сол ошақтың ұйытқысы. Заманға сай кітапханашы жан-жақты болуы қажет. Ол іскер ұйымдастырушы, бағдарламашы, сценарист сынды бірнеше қызметті қоса атқаруға тиіс.

Кітаптың ортасында жүрген соң оны жиі қолға алатын шығар деген сұрағымызды да қойған едік.

– Қазір кітап оқуға деген қызығушылық қоғамда бар.  Әрине, қолымыз қалт етсе кітап оқимыз. Оны жан-жақты талдаймыз. Түсінген, қадірін білген адамға бар байлық кітапта жатыр. Осы орайда оқырмандармен де жиі кездесу ұйымдастырып отырамыз. Әрине қолым қалт ете қалса кітап оқимын, – дейді ол.

Кітапхана саласында ұзақ жыл еңбек еткен Гүлшара Қаниеваның еңбегі елеусіз қалған емес. Айталық, 2018 жылы Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапхананың, «Кітапхана саласының шебері» төсбелгісі және әр жылдары облыс, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған.    Жақында Күлшара Қаниева Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тағынды.

Гүлшара Бөгенбайқызы отбасының берекесін ұйытып, балаларын өсіріп, жарының да қас-қабағын бағып отырған ардақты жан, аяулы әже. Отағасы Әскербек Ысқақов Ауған соғысының ардагері. Бүгінде екеуі екі ұл, бір қызды тәрбиелеп, олардан алты немере сүйген бақытты отбасылардың қатарында. Балаларының үлкені Самат мұнай саласында жұмыс істесе, келіні Индира – заңгер, Мұраты – мал дәрігері, келіні Алтынай – агроном болса, ал сүткенжесі Әйгерім Алматы қаласындағы Қазақ-Ресей медициналық университетінің 3 курс студенті.

Білікті басшы баршаның тілін табады. Кейіпкеріміз де дәл сондай жанның бірі. Қызметкерлерін үнемі ұйымшылдыққа, бірлікке үндеп отырады. Ал оқырмандарға деген ықыласы тым бөлек.

Тағы да оқыңыз: