Kyzylorda-news.kz Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет аулы, Қ.Бүрлібаев атындағы мәдениет үйінде №29 Т.Ізтілеуов атындағы орта мектеп және аталған мектепті 2004 жылы бітірген түлектердің 20 жылдығына орай «Тұрмағамбет оқулары»   байқауы өткізілді.

 Мақсат – Сыр сүлейлерінің шоқтығы биік тұлғаларының бірі, назым сөздің шебері, атақты ақын, аудармашы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының мол мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттау, оқушыларды сөз өнеріне, шешендікке тәрбиелеу. Қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөздік қорын, Тұрмағамбет шығармашылығын насихаттау арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген жас ұрпақтың ықыласын арттыру, туған жеріміздің рухани бірлігін, ауыл жастарының танымдық - шығармашылық қабілетін нығайту.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «...Аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек. Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз.Біз болашаққа сеніммен қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, оны дәріптеуіміз қажет» – деген болатын. 
Байқаудың ашылу салтанаты  Тұрмағамбет ақынның мұражайынан басталып, мектеп оқушыларынан құралған домбырашылардың жыр сәлемімен жалғасты. 

Байқау қатысушыларына ҚР Білім беру саласының көшбасшысы, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Білім беру ісінің  майталманы» медалінің  иегері, ардагер-ұстаз  Зарипа Тасымова сәттілік тілеп, ұйымдастырушылардың ақын шығармашылығына құрметін ерекше бағалады. 
«Тұрмағамбет оқуы» байқауына жырау Қуаңбаев Әділхан,  Қармақшы аудандық кітапханалар жүйесінің Тұрмағамбет ауылдық кітапханасының меңгерушісі Құндызай Далдабаева,  № 29 Т.Ізтілеуов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі  Роза Алламұратовалар әділқазылық жасады. 

Байқауға қатысушы талапкерлер Тұрмағамбет ақынның шығармаларын (өлең, мысал, дастан) өз мүмкіндігіне қарай мәнерлеп жатқа оқыды. Талапкер өзі оқитын шығармалар тізімін ұсынып, ұсынған тізім бойынша қазылар алқасы шығарманың кез келген жерінен сұрап, дарынды қатысушыларды анықтады.

«Тұрмағамбет оқуы» байқауын Дауылкөл ауылдық округінің әкімі Мұрат  Алдамұратов  қорытындылап,  қазақ мәдениеті мен өнеріне жанашырлық танытып, өнегелі іс-шара ұйытқысы болып,  ақын мұраларын  насихаттауға ерекше қызығушылық білдірген  2004 жылғы мектеп бітіруші түлектерге алғысын білдірді. Алдағы уақытта жүз шайырдың отаны атанған Тұрмағамбет ауылын, жыр өнерін  өркендетуге  бірге  атсалысып, жұмыла  іс атқаруға шақырды.

Байқау нәтижесінде бас жүлде алған жеңімпаз Айгерім Сырлыбай ұйымдастырушылар тарапынан  жазғы тынығу  лагеріне жолдама берілді. І орынды Мархабатова Бақыт, ІІ орын Бұхарбаева Шахназ, ІІ орын Мархабатова Фатима, ІІІ орын Оңалбай Гүлжауһар, ІІІ орын Ұланбек Айдана, ІІІ орын Ерболқызы Әлияларға  Диплом, ақшалай сыйлық  берілсе, қалған қатысушыларға Алғыс хат  пен ынталандыру сыйлығы ретінде ақынның кітаптары берілді.

Өз кезегінде көрермендер мен қатысушылар алдағы уақытта  да  ауылда  «Тұрмағамбет оқуы» байқауы республикалық, облыстық  деңгейде өткізілсе деген ұсыныстарын білдірді.

71a9946f-69c6-479e-91a5-a88ad6088ecb.jpg0f59de2f-54f2-4f00-828a-ebe904b75410.jpg

Тағы да оқыңыз: