Kyzylorda-news.kz Бүгін Қармақшыдағы Көшеней Рүстембекұлы атындағы аудандық жыраулар үйінің ұйымдастыруымен белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шәмшат Төлепованың құрметіне арналған «Домбырасын моншақтаған жыр жауһарлары» атты қыз-келіншектердің облыстық жыр фестивалі өтті.
Фестивальдің мақсаты – әйгілі Сыр сүлейлерінің тұяғы, шайырлардың тоқсан толғамды жыр дастандары мен жыраулардың мың сан иірімді мақам-саздарын өмірінің соңына дейін қолынан ақ домбырасын тастамай туған халқына жеткізіп кеткен, көмейінен күміс төгілген Шәмшат Төлепованың жарқын бейнесін мәңгі есте қалдыру, дәстүрлі жыраулық өнерді дәріптеу, ұлықтау болып табылады.
Іс-шараны Қармақшы аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов ашып, қатысушы өнерпаздарға сәттілік тіледі. Көмейіне жыр қонған талантты жандар өзара бақ сынасып, сайыс көркін қыздырды. Рухани кешке шөлдеп келген көрермендер де таң-тамаша тарқасты.
Фестивальге қатысушы 13 жыршы-жырау қыздарымыз құт қонған қасиетті Қармақшының аспанын баба жырымен әуелетіп, жақұт жырларымен ел жүрегін тербетті. Шара соңында фестиваль қатысушылары Қармақшы ауданы әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.