Kyzylorda-news.kz.   Қызылорда қаласының  әкімі Серік Қожаниязов көктемнің алғашқы мерекесі – Алғыс айту күніне орай еңбек адамдарына құрмет көрсетті. Оның ішінде коммуналдық қызмет саласы мамандарымен кездесті.

Алдымен тұрғындардың игілігі үшін қысы-жазы қаланың тазалығын басты міндеті деп білетін  «Қызылорда тазалығы»  мен халықты ауызсумен қамтамасыз ететін «Су жүйесі» мекемесіне барып, мерекемен құттықтады.

– Еліміздегі ең маңызды әрі күрделі саланың бірі – коммуналдық сала. Сіздердің жұмыстарыңыз бүкіл халықтың тұрмыс-тіршілігінде маңызды рөл атқарады. Ауа райының қолайсыздығына қарамай, күні-түні еңбек етіп жүрген өздеріңізге шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіз біз үшін қашанда құнды болып қала бермек, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ қос мекеменің бірқатар қызметкерлеріне арнайы Сарыағаш шипажайына тегін жолдама мен Алғыс хат табыстады.

Бүгінгі күні қала тазалығына өз үлесін қосып жүрген тазалық мекемесінің механизаторы Рүстембек Ибраев еңбегінің еленгеніне ризашылығын білдірді.

Қала әкімі су жүйесі қызметкерлеріне де құрмет көрсетті.

Коммуналдық қызмет саласы бұл – мемлекеттің, экономиканың, халықтың әл-ауқатынына тікелей әсер ететін сала.  Сондықтан облыс әкімінің қолдауымен өткен жылы коммуналдық шаруашылықты дамыту үшін арнайы техникалық көліктер беріліп, қалаішілік жүйелі жұмыс атқарылды.

– «Су жүйесі» мекемесінде 2013 жылдан бері жөндеуші болып жұмыс істеймін. Біздің жұмыстағы ең қиын сәттің бірі – түнде жүретін уақыт. Яғни су құбырынан ақау кеткенде  жөндеуге барамыз. Осы еңбегімізді бағалап, шипажайға тегін жолдама берген қала әкіміне алғыс айтамын, – деді жөндеуші Берік Сүлейменов.

Мұнан соң қала әкімі ардагерлерді ұлықтап, 101 жастағы қария Күлмарам Қонысбаеваның  үйіне барып, Алғыс айту күнімен құттықтады.

Ақжаулықты әже бүгінде екі баласынан төрт немере, он екі шөбере, бір шөпшек сүйіп отыр.

1417f653-3d5c-4c3c-be82-07f9a3428391.jpg

bdff0b7f-33ee-4501-b6af-e6319c6375be.jpg

67b1f40b-276f-487b-bb36-b13e843f8d67.jpg

Тағы да оқыңыз: