Kyzylorda-news.kz Көпшілікке кеңінен танылған «Сенің анаң алтын» әнінің авторы Кенжейбай Жүсіп – өнер саласында өзіндік орнын қалыптастырған тұлға. Шиеліде туып-өсіп, туған жерін түлетуге, төл өнерді дамытып, жас өнерпаздарды шыңдауға аянбай атсалысып жүрген белгілі ақын, сатирик, сазгер, Мәденит қайраткерінің әсерлі әңгімемен өрілген өнегелі сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

- Әңгімемізді шығармашылығыңыздан бастасақ. Соңғы уақытта немен айналысып жүрсіз?

– Үйірме жұмыстары қарқынды жүруде. Біздің мәдениет үйінде драма, көркем сөз, ән, биден арнайы үйірмелер жұмыс жасап келеді. Әсіресе, кейінгі кезде кенжелеу қалып бара жатқан көркем сөз жанрына көп көңіл бөлуге тырысып жүрміз. Шүкір, қазір жастар дінге қарай бет бұрғаны секілді өлеңге, жалпы шығармашылыққа деген қызығушылығы артып келеді. Тіпті, өздерінің ойларын айтып, ұсынысын білдіретін жастардың шығып жатқаны қуантады.

- Айтыстан қол үзуіңізге не себеп болды?

– Мен өзім өнерге 27 жасымда келдім. Сонда да болса өз миссиямды орындадым деп айта аламын. Ең алғаш Абайдың 150 жылдығына арналған ақындар айтысына қатыстып, бас жүлдені иелендім. Одан соң халықаралық «Манас» атындағы айтыста 93 қатысушының ішінен оза шауып, 3 орынды қанжығалап қайттым. Сол секілді айтыс өнерінде бағындырған белестеріме өзімнің көңілім толады. Сондықтан да, абыройымның барында жолымды кейінгілерге бергенді жөн көрдім. Оның үстіне мен сатираның адамымын. Маған өзге жанрлардан гөрі әзіл-сықақ жақын. Бұл мүлде қол үздім деген емес. Мен әлде де айтысқа шығуым мүмкін. Тек әбден дайындалып, өзімді басқа қырыммен көрсеткім келеді. Себебі, халық менің шарықтау шегімді біледі. Мәселен, қазір екеуміз айтыссақ жұрт мені емес, сізді тыңдауға асығады. Өйткені, тыңдарман жаңалыққа құмар. Айтысқа көп соқпайтынымның бір себебі де осы.

- Қазір Шиелідегі жазба ақындардан ел аузында санаулы ғана есімдер жүр. Бұрындары Кенжебай Жүсіп жыл сайын ақындардың басын қосып, думандатып тұрады дегенді жиі естуші едік.

- Иә, өзге өңірлерді білмеймін, бізде осындай бір керемет сабақтастық бар. Мысалы, мені кезінде Махамбетқали Тұрсанов, Арзулла Молжігітовтер тәрбиелеп, жол көрсетті. Олардан мұндай өнеге алған мен де талабы бар жастарды шоғырландыруға міндеттімін. Қазір, сол азды-кем баулыған өнерпаздарым биіктерден көрініп жүр. Ендігі кезек солардыкі. Бұйырса, жуырда ұлттық ойындардан аудандық жарыс ұйымдастыруды жоспарлап жатырмын. Олардың ішінде ел арасында кенже қалып жатқан, көп көзге іліне бермейтін ерекше түрлерін таңдаймыз. Бұл да кейіннен жыл сайын дәстүрлі өтетін болар.

- Қалай ойлайсыз, бізде талантты ұл-қыздар аз ба, әлде, оларға жол сілтейтін жетекшілер тапшы ма?

– Осы сұрақ мені де қатты мазалап жүр. Жуырда ғана Шиелі ауданы әкімі барлық мәдениет қызметкерлеріне «Неге өзге өңірлерден шығып жатқан республикалық деңгейдегі өнерпаздар мен жайдарманшылар біздің ауданымызда жоқ?» деген сауал қойды. Шынында да, бізде небір талантты жеткіншектер бар. Мүмкін, соларды даярлайтын жоғары деңгейдегі мамандар жетіспейтін болар. Бір жағынан бойында таланты бар адам ешкімнің қолдауынсыз-ақ елге таныла алады. Қазіргі сәтте осы мәселенің шешімін іздеудеміз десе де болады.

- Аудан мәдениет саласының дамуы үшін нақты қандай жұмыстар атқарылуы керек деп есептейсіз?

– Біздегі Құрманбек Бекпейісов жетекшілік ететін дәстүрлі ән орындаушылар мектебі, Динараның «Жас дәурен» би тобы елге танылып, керемет өнер көрсетіп жүр. Ендігі жетіспейтіні ақындар мектебі. Бұған дейін М.Тұрсанов атындағы ақындар мектебі болғанымен, тек қағаз жүзінде ғана жұмыс жасалып келді. Енді жан-жақтағы өлең шығаруға талабы бар балалар қайда барарын білмейді. Сол себепті мәдениеттен болсын, мүмкін білім бөліміне қарасты болар, әйтеуір, арнайы орын бөлініп ақындардың үлкен шаңырағы қалыптасса екен дейміз. Мұндай ұсыныстар айтылып та жүр. Дегенмен, басшылық тарапынан қаншалықты қолдау табатыны белгісіз. Қалай болғанда да дәл қазір аудан өнерпаздарына ең қажетті дүние осы.

Жалпы, қазір біздерге, мәдениет үйлері мен клуб қызметкерлеріне қарап отыруға болмайды. Мемлекет бізге қаншама жағдай жасап жатыр. Соны ақтауымыз керек. Өткен жылы ғана біздің мәдениет үйін 50 миллионнан астам қаржыға керемет етіп күрделі жөндеуден өткізді. Енді оның ішін бос қалдырмай халықтық игілігіне жарату біздің міндетіміз. Мақтанғаным емес, біздің ауылда апта сайын караоке болады. Далаға музыкалық аппараттарды шығарып, үлкен-кіші түгел жиналады. Сосын балалар құмарлары қанғанша ән шырқайды. Сол секілді ауылдарда түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрғаны дұрыс. Келесі бір мәселе, білім бөлімі мен мәдени ошақтардың арасында тығыз байланыс болса. Себебі, біздің концерттерге қатысушылардың басым бөлігі оқушылар. Ал, кейде мәдениет үйіндегі мерекелік шарадан соң балалар керісіп немесе бір нәрсеге ұрынып жатса ұстаздар бірден бізді кінәлап жатады. Төбелесетін бала бізде шара болмаса да төбелеседі ғой. Сондықтан, түсіністік, байланыс қажет секілді.

- Сіз қазақ жұртының есінде «Алтын ана» әні арқылы қалдыңыз. Бұдан өзге қандай әндеріңіз бар?

– «Ғали жан», «Бақытым», «Ақ неке», «Ағама» секілді барлық әндерім көпшіліктің сұранысына ие.

- Сіз басқаратын «Қытық» театры жақында ғана «Халықтық театр» дәрежесін алған екен. Бұл ұжымның қаншама жылғы еңбегінің нәтижесі деп білеміз.

– Иә, бұл театр мен алғаш Алғабас ауылының мәдениет үйіне қызметімді ауыстырған кезден бастап, яғни, 2006 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Қазір құрамында 12 мүшесі бар. «Халықтық» дәрежесін алған соң енді тағы да 2 штаттық бірлік беріледі деп күтіп отырмыз. Біздің театр тоқсан сайын концерт беруді дәстүрге айналдырған. Театр мүшелерінің басым бөлігі мектеп оқушылары. Оларды сегізінші сыныптан бастап қабілетіне қарай үйірмеге қабылдаймын да, бір жыл дайындалып, 9-10 сынып оқып жүргенде қойылымдарға қатысады. Жастарды жігерлендіру үшін әзіл аралас «ең кемінде белгілі асаба боласыңдар» деймін. Шынында да біздің театр түлектерінің жерде қалғаны жоқ. Арғысы үлкен театрларда қызмет жасаса, кемі ауданға танымал асаба. Мәселен, «Күлкістандағы» Дархан. Ол кезінде дайындық үшін өз ауылынан Алғабасқа дейін жаяу келетін. Қазір телеарналардағы түрлі жобаларға қатысып жүр.

- Өнерде армандарыңыз қаншалықты орындалды?

- Менің барлық мақсатым орындалды десем артық болмас. Өзімнің қалағаным да, армандағаным да осы сәтім болатын. Айтыстан болсын, театрдан болсын шәкірттерім еліміздің түкпір-түкпірінде өнер көрсетіп, ол жерде «Мынау Кенжебайдың дайындаған баласы ғой» деп ауылда жүрген менің атым аталып жатса қалай марқаймасқа?

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұқбатты жүргізген

Гүлхан ЯХИЯЕВА

Тағы да оқыңыз: