Kyzylorda-news.kz Көктем – тазалық пен көктеп-көгерудің кезі. Қазалы аудан аумағын жиыстырып, туған топырақты түлетуге, сондай-ақ, көркейтіп-көгалдандыруға қазалылықтар көктемнің алғашқы күнінен бастап-ақ, бел буа, білек түре кірісіп кетті. 

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында, Әйтеке би кенті көшелерін қоқыстан тазартып, көктем келбетінің әсемдігіне үлес қосу мақсатында жылдағы үрдіс бойынша, сенбіліктер де әр сенбі сайын үзілмей өткізілуде. 
Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті әкімдігі ұсынған мәліметке сенсек, тазалық айлығы басталғаннан бекітілген кестеге сәйкес, жеті аймақ бойынша, сенбілік серпінді жүргізілген. Аталған аймақтардағы тазалық жұмыстарын ұйымдастыру Қазалы ауданы әкімінің орынбасарларына, аудан әкімінің аппарат басшысына, Қазалы аудандық мәслихат төрағасына жүктелген. 
Тиісті тапсырма аясында кент орталығындағы алпыс бес көшенің көркі ретке келтірілді. Ал, мекен шырайын кіргізіп, қоршаған ортаға әдемілік сыйлайтын маңызды шараға сексен беске жуық мекеме, нақтырақ айтсақ, сегіз жүз елу адам ұйымшылдықпен атсалысты. Тазалық жұмыстарын жеңілдетуге, сондай-ақ, сенбілік нәтижесінде жиналған қоқысты арнайы орындарға тасымалдауға он техника жұмылдырылды. Бөлінген көшелер мен аумақтарда шөп шабылып, қоқыстар жиналып, жол жиектері тазартылды. Бұл шарадан тұрғындар да қалыс қалмай, белсенділік танытты. 
Әйтеке би кенті көшелеріндегі тынымсыз тірлікке қарап, тазалық жұмыстары жақсы қарқынмен жалғасып жатыр деуге негіз бар. Өйткені, игі іске жұмылған тұрғындар өздерінің жауапкершіліктерін байқатуда. Олар, "Көптің ісі жоғалмас" деген даналыққа жүгініп, маңызды міндетті ыстық ықыласпен орындауда. Бұл ретте, жергілікті атқарушы билік өкілдері де жақсы іске жаршы болып отырғандығын айта кету керек. Олар көптің ісіне үн қосып қоймай, тазалық жұмыстарын жіті қадағалап отыр. Әкімдік қызметкерлері Әйтеке би кентінің сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында барлық мекеме, кәсіпорындарға, кәсіпкерлік субьектілеріне қоршаған қоршаулары мен қақпаларын, аулаларын таза ұстау мақсатында сырлау, әктеу, жаңарту жұмыстарын жүргізу жөнінде ескертпе хаттары таратып, тұрғындармен үйлесімді жұмыс атқаруда. Осы міндеттерді үйлестіруге арнайы үш маман бекітілген. Бүгінде, олар тынымсыз түсіндірме жүргізуде. Осындай, жұмыстардың аясында он үш мектеп, алты балабақша, алты денсаулық сақтау мекемелері сырлап, жаңарту жұмыстарын жүргізуде. 

 

Тағы да оқыңыз: