Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында партияның Сырдария ауданында ұлы ойшыл, халқымыздың кемеңгер ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абай әлемі» тақырыбында интеллектуалдық сайыс өтті.
Сайыстың ашылуына аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев қатысып, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын дәріптеу, насихаттау ортақ міндет екенін айтып, интеллектуалдық сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Интеллектуалдық сайысқа аудандық сот, аурухана, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және жастар орталығынан құралған төрт топ қатысты. Қазылар алқасының төрағасы «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт болса, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, «Мәдениет» бастауыш партия ұйымының белді мүшесі Ақбота Асанова қазылар алқасының мүшесі ретінде сайыстың әділ өтуіне үлес қосты.
Нәтижесінде Сырдария аудандық ауруханасының қызметкерлерінен құралған «Денсаулық сақшылары» тобы бас жүлде иеленді. І орынды Жастар ресурстық орталығының «Жалын» тобы жеңіп алды. Ал ІІ орын аудандық сот «Асыл мұра» тобына бұйырды. ІІІ орын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Асыл сөз» тобына берілді.
Жеңімпаздар дипломмен және қаржылай сыйлықпен марапатталды. Бұл тағылымы мол іс-шара Абай мұрасын ұлықтап қана қоймай, өскелең ұрпаққа білім мен парасаттылықты бағалаудың, ұлттық құндылықты дәріптеудің мәнін айқын көрсетті.