Kyzylorda-news.kz Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Іңкәрдария ауылындағы клуб үйі жанынан ашылған «Ұлттық би» үйірмесінің мүшелері Шымкент қаласынан ақжолтай жаңалықпен оралды. Өнерімен көпшілікті тәнті еткен би ұжымы республикалық балар өнер байқауында топ жарды. «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының шәкірттері бірнеше би ұжымы арасында үнді биімен І орынды жеңіп алды.
Аталған байқауда даралана білген іңкәрдариялықтар Өзбекстан елінде өтетін халықаралық өнер байқауына жолдама алды.
– Біздің шәкірттеріміз сенім үдесіне шыға білді. Біз Шымкент қаласында өткізілген байқауға ұзақ уақыт дайындық жүргізген болатынбыз. Күнделікті балалардың қабілетін шыңдау арқылы жоғарғы жетістікке қол жеткізгеніме дән ризамын. Ортақ абырой жолында аянбай еңбек ете береміз. Алдағы уақытта Ташкент қаласында жүзеге асатын өнер байқауына қатысып, жүлделі атану үшін дайындықты күшейтеміз. Әрине, шалғайдағы ауыл балалары мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды ерекше сезініп келеді. Осы уақытта шығармашылық шыңына шығу үшін барымызды сала береміз. Қашанда орталық басшысы мен ата-аналардың қолдауын ерекше сезінеміз, – деді «Ұлттық би» үйірмесінің жетекшісі Әйкерім Жұмабекова.
Бұл ретте, үйірме жетекшісі Әйкерім Жұмабекова арнайы «Алғыс хатқа» ие болды.
