Kyzylorda-news.kz  Би – өнердің падишасы. Бұл саланы таңдау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бірақ жер-жерде жанын салып жұмыс істеп жүрген би өнерінің майталмандары көп. Олар биді өнер деп қабылдайды. Жанын салып шәкірттеріне үйретеді. Биді жас жеткіншектерге үйрету оңай емес. Би өнерінің құдіретін сезініп жүргендер ғана бұл қиын да қызғылықты өнерге бар уақытын жұмсайды.

Ол үшін адам баласы алдымен, өнерді сүюі керек. Ал, Сыр өңірінде мұндай жандар көп. Солардың бірі – Қызылорда облысы, Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің «Қазалы ауданының Оқушылар үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының би үйірмесінің жетекшісі Гүлмариям Өтегенова. Гүлмариям Қожантайқызы 1965 жылы қазан айының жиырмасыншы жұлдызында Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінде жарық дүниенің есігін ашқан. Өнерге құштар жан бұрынғы Жезқазған облысы Никольск қаласындағы мәдени ағарту училищесін бітіргеннен кейін бір жолата осы салаға ден қойды. Өнердің құдіреті оны бұл саладан алыстатқан жоқ. Хореограф мамандығын бітірген би маманы осы салада 37 жылдан бері еңбек етіп келеді. «Мамандықты таңдауда қателеспеу керек» деп жатады ғой. Бұл біріншіден, Гүлмариямның өнерге деген сүйіспеншілігі дер едік. Екіншіден, мұның бәрі жауапкершілік, ерен еңбек екені сөзсіз. Енді міне, білікті би маманы ел алдында есеп ретінде шәкірттерімен бірге «Қазалы аудандық оқушылар үйінің» киелі сахнасында концерт бермек.

– Шығармашылық кешке 1989 жылы оқу орнын бітіріп, оқушылар үйіне би үйірме жетекшісі болып орналасқан, қазіргі таңда қасиетті мамандықтың иесі атанып, еңбек етіп жүрген шәкірттерімді қонаққа шақырдым. Мақсат –халық алдында осы уақытқа дейін жеткен жетістігім мен еткен еңбегімнің нәтижесін көрсету, – дейді өнер иесі Г.Өтегенова.

Отбасында ақжаулықты ана, түзде өнер иесі Гүлмариям Қожантайқызы өнерге қатысты өз ойын былай сабақтады:

– Әрбір мамандық иесінің еккен еңбегінің нәтижесі болмаса, маңдай тердің босқа кеткені деп ойлаймын. Еңбек – шәкірттеріңнің жемісі мен жеңісі. Қазіргі таңда талай шәкірттің осы өнер жолын таңдаудағы жолын аштым десем де болады. Мен шәкірттерімді мақтан тұтамын, – дейді ол. 

Гүлмариям Қожантайқызы Республикалық мүмкіндігі шектеулі балалар арасында өткізілген «Би жұлдыздары» байқауында Жоғары білім және Ғылым министрлігінің Құрмет мақтау қағазымен, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Жастар жылы» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық өнер және білім байқауында «Үздік жетекші», «Ақ шағала» республикалық хореографиялық фестиваль-байқаудың аудандық кезеңіне қатысып, «ҚызЖібек» бишілер тобы жетекшісі ретінде бірінші орынды иеленеді. Еңбек нәтижесіз емес. Балалар шығармашылығы XIII облыстық «Ботақан» телефестивалінде шәкірттері жақсы өнер көрсеткені үшін «Балдырған» би тобы жүлделі орыннан көрінді. Үш жыл бұрын IX Халықаралық балалар, жасөспірімдер мен жастарға арналған «Самға әуен» өнер байқауында 11-14 жас аралығында «Сақ қыздары» патриоттық би номинациясы бойынша өнер көрсеткен «Қыз жібек» бишілер тобы бірінші орынға ие болды. Ол бірнеше рет аудан, облыс әкімінің құрмет грамотасының және Алғыс хатының иегері. Аудандық білім бөлімінің және облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған. «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына да белсене араласады. Сондай-ақ, Қызылорда облыстық саясат басқармасы «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қорының алғыс хатын, «Мәнгілік ел алыптары» атты республикалық рухани – патриоттық байқауында «Шығармашыл педагог», Шара Жиенқұлованың 110 жылдығына арналған «Биле, Қазақстан» халықаралықхореографиялықконкурсынақатысып, Гүлмариям Қожантайқызы «Шығармашыл хореограф» дипломымен марапатталды.

Ол осы 37 жылдан бері өзінің ерен еңбегінің нәтижесін көріп келеді. Жеміссіз де емес. шәкірттері үнемі жүлделі орыннан көрінеді. Ол IX халықаралық балалар, жасөспірімдер мен жастарға арналған «Самға әуен» жас ұрпақты өнерге баулып, шығармашылық деңгейде дамытудағы жоғары кәсіби іскерлігі мен өзісіне адалдығы үшін «Үздікұстаз» төсбелгісін иеленді. Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Дарын» республикалық жас өнерпаздар байқауына да үлкен үлесін қосып, шәкірттері жоғары денгейде өнер көрсетті. Осы сайыста «Үздік тәлімгер» атағына ие болды.

Жуық арада Гүлмариям Өтегенова аудан орталығында шығармашылық кешін өткізбекші. Салтанатты кешке ұстаз-шәкірттері мен ата-аналарды, өнер саласында еңбек етіп жүрген әріптестерін, осы саланы таңдауына себепкер болған ұстазы Базаркүл Жолболды, оқушылар үйі ән үйірмесінің мүшесі болған, қазіргі таңда Ақтөбе қаласында А.Жұбанов атындағы филармония әншісі Нұртас Омаровты және сыныптас достары мен жанашыр жандарды шақырмақшы. Шәкірттері қадірлі қонақтардың алдында өнерлерін көрсетпек. Бұл үлкен қуаныш, ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі деп айтар едік.

Тағы да оқыңыз: