Kyzylorda-news.kz. Биыл қаламызда өткен жылмен салыстырғанда атқарылған жұмыс аз емес. Бірнеше ғимарат пен тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілді. Сондай-ақ жаңадан автокөліктер келіп, қолданысқа берілді. Осы орайда қала әкімінің орынбасары Еркебай Ғалымжанмен сұхбаттасып, атқарылған жұмыстарды сараладық.  

– Өзіңізге белгілі, соңғы жылдары Қызылорда қаласы құрылыс алаңына айналды. Жыл қорытындылар тұста қала құрылысының жай -күйіне тоқталсаңыз?

–  Қызылорда  қаласында соңғы жылдарда құрылыс саласында ауқымды жобалар көбейді. Ашып айтатын болсақ, биыл сол жағалаудың  №2 шағын ауданында бес қабатты 10 тұрғын үй салынса, оның жанында орналасқан жеті қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілген болатын. Сондай-ақ Тасбөгет кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің  құрылысы жүргізіліп, ел игілігіне берілсе, Белкөл, Талсуат ауылдық округтерінде 150 орындық клуб салынып, Ақсуат ауылдық округі мен Қосшыңырау ауылдық округіне газ құбыры тартылды. Бұл– аймақтағы құрылыстың қарқынды жүргізілуінің дәлелі.

– Тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары бойынша түрлі пікір көп. Модернизация жұмысына көңіл толмаушылық басым. Бұл туралы не айтасыз?  

– Тұрғын үйлерді қайта жаңғырту бойынша ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 30 сәуірдегі №473 қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған», «Өңірлерді дамыту 2020» және «Нұрлы жер 2020-2021» бағдарламалары мен ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес Қызылорда қаласында орналасқан 205 көпқабатты тұрғын үйге 2011 мен 2023 жыл аралығында кондоминиум объектісінің ортақ меншіктегі мүліктеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, меншік иелеріне пайдалануға берілді.

Егер құрылыс мекемесі көпқабатты үйлердің қайта жаңғырту жұмыстарына салғырт қарайтын болса, оған сот органдары тарапынан тиісті шара көріледі. Осыған сәйкес тұрғындар тарапынан келіп түскен арыз шағымдар  кепілдік мерзім аралығында қайта жүргізіледі.

– Жалпы қаладағы үй кезегіне тұрған азаматтардың  қарасы қалың. Кезек қалай жылжуда?

Қазіргі таңда тұрғын үйге мұқтаж адамдардың тізімдегі жалпы саны бойынша 27 031 отбасы кезекте тұр. Оның шініде біреуі ғана ардагер болса, қалғаны жетім  балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және  мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын  адамдар. Сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған, бұрын «Батыр ана» атағын иеленген немесе I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылардан бөлек  халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары да үй кезегінің тізімінде. Сонымен қатар авариялық жағдайда тұрған үйлердің тұрғындары да үй кезегін күтуде. Осы санаттағы азаматтар үй кезегінің ретілігі бойынша жылжиды. 

Айта кетейік, ҚР заңына сәйкес белгіленген тәртіппен өткен жылы наурыз айында авариялық жағдайда тұрған 40 отбасына тұрғын үй кезегінің реттілігі бойынша пәтер табысталды.

Мұнан бөлек өткен жылы тамыз айында тұрғын үй кезегі реттілігін түгендеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 2276 азамат тұрғын үй кезегінен шығарылды. 

Шыны керек, коммуналдық саланың мәселесі бітпейді. Әсіресе қыс мезгілінде түрлі мәселелер орын алды. Мәселен, тозығы жеткен тұрғын үйлерде жылу жүйесіне шағым айтатындар көбейді. Бұл мәселе қалай шешілді?

– Қызылорда қаласы бойынша барлығы 815 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 711-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, ал 
104 үй автономдық блокты модульдік қазандықтар арқылы  жылытылады (қатты, сұйық және газ отынымен).

  Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін арнайы жұмысшы топ құрылып, олар қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйелерін тексеріп, аралау жұмыстарын жүргізді.

  Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 58 көпқабатты тұрғын үйдің өжірілеріндегі жылу жүйелерінде ақау анықталды. Осы мәселені  қалпына келтіру мақсатында оған жауапты сала маманы, коммуналдық мекемелер мен дербес бөлім басшылары және пәтер иелері кооперативтерінің, мүлік иелерінің бірлестігінің төрағаларына жиналыс өткізіп, тиісті тапсырмалары берілген. Сонымен қатар 58-көпқабатты тұрғын үйдің өжірілеріндегі жылу жүйелерінің ақаулары қалпына келтірілді.

ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының  32 бабының 1 тармағына сәйкес  пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізуді қоса алғанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдануға міндетті делінген. 

Осыған сәйкес көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйесінде ақау болған жағдай да, меншік иелері және кондоминиум обьектісін күтіп ұстаушы органдары бірлесіп, тиісті жұмыстарды жүргізуі қажет.

– Әлеуметтік желіде орталық алаңның жайы да сөз болып жүр. Қазір орталық алаңда құрылыс жүріп жатқаны белгілі. Орталық алаң қалай өзгереді?

– Жобаға сәйкес қаладағы «Әйтеке би көшесін Желтоқсан көшесінен А. Байтұрсынов көшесіне дейін Ы.Жақаев көшесін Әйтеке би көшесінен Қорқыт ата көшесіне дейін» абаттандыру жұмысы бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынды. Осыған сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілуде.

– Келер жылы жеті қабатты үйлер пайдалануға берілмек. Бес қабатты үйдің мәселесі аз емес, 7 қабатты үйдің жағдайы қалай болар екен? 

– Өңірімізде алғаш рет 7 қабаттан тұратын сексен төрт пәтерлі алты тұрғын үй құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Құрылыстың жалпы құны 9 927 млн теңгені құрайды. Оның шаршы метрі - 37 283,4 болса, ал  пәтер саны – 504.

Жалпы жеті қабаттан тұратын көпқабатты үй лифтмен қамтылған. Алдағы уақытта пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Осыған орай ешқандай мәселе туындамайды деген ойдамыз.

–  Соңғы жылдары құрылысты өзгелер емес, жергілікті құрылыс компаниялары салуда. Нәтиже қалай?

– Жоба-сметалық құжаттамалары әзірленгеннен кейін сатып алу конкурсына жарияланады. Конкурс нәтижесінде жеңімпаз  мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын екі жақты келісім-шартқа сәйкес жүргізетін болады. Қазіргі таңда қаламызда құрылыс монтаж жұмыстарын жергілікті мекемелерімен қоса басқа да жергілікті емес мекемелерде құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жергілікті мекемелер құрылыс жұмыстарын жүргізгенде жергілікті мамандар жұмыспен қамтылады және осы арқылы өңіріміздің экономикасы  артады. 

– Қоғамдық көлік мәселесіне келейікші. Автобустың жүру уақытына шағым айтатындар көп. Бұл мәселе бойынша не айтасыз?

– Өздеріңізге белгілі, Қызылорда қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және қала тұрғындарының негізгі мәселелерін шешу мақсатында көптеген жұмыс атқарылды. Мәселен, 2022 жылы заманауи үлгідегі, сыйымдылығы үлкен 150-дана автобус алынған. Бүгінде ол қалаішілік бағыттарда халыққа қызмет көрсетуде. Өткен жылы аймақ басшысының тікелей қолдауымен қосымша 150-автобусқа өтінім беріліп, оның 50-автобусы келіп жұмысқа қосылған. Қалғаны биылғы жылдың қаңтар айында келді.

Жеке тасымалдаушылардың иелігіндегі, аз қамтылған 
№ 10,12,13,15,16,28,29,30,31 бағыттар жаңадан келген автобустармен толықтырылып және  2020-2021  жылдары ковид-19 індеті кезінде жабылып қалған № 3,19,20,22,23,33,34 бағыттар қайта ашылды.

Қазіргі таңда, жүру уақытын «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-дағы диспетчерлік орталықта бақылау жүргізілуде.

Айта кететін жайт, жолаушылар арнайы Яндекс және 2ГИС қосымшасы арқылы қоғамдық көліктердің жүру сызбасы мен аялдамаға келу уақытын біле алады.

 

– Қызылорда қаласының сәулеттік келбетіне қандай баға бересіз?

– Қаламызда сәулеттік келбетін дамыту бағытында «Қалалық сәулет және қала құрылысы»  бөлімі өткен жылдың басында 95 эскиздік жоба әзірлеп, қала әкімдігіне ұсынылды. Олар – Қызылорда қаласындағы бірқатар даңғыл мен көше бойындағы жиырма алты және отыз екі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін қайта жаңғырту жобасы, Вокзал аумағындағы 2 қабатты тұрғын үйлердің сыртқы қасбетін әрлеу және қаламыздағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жобасы. Сондай-ақ 20 әкімшілік ғимараттың қасбеттерін қайта жаңғырту мен 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» алаңын салу және аллеялар, саябақтар сияқты тағы басқа жобалар әзірленді.

Қаламыздың көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерінің құрылыс жұмыстары заманауи материалдарымен қапталды.

Cонымен қатар қаламызда бірнеше нысанның құрылысы басталып, «Неке сарайы», «Анаға тағзым» және мектептер қолданысқа берілді.

 Жаңа өнер ордасында симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізілетін «Өнер орталығы» құрылыс жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне берілді.

Одан бөлек өңірде қан орталығы ғимаратының да құрылысы қарқын алды.

Облыс әкімі қызметіне тағайындалғаннан бастап, халықпен кездескен әр сәтте аймақта заманауи сәулеттік үлгідегі жаңа нысандарды салуға уәде еттік.

Алдағы уақытта сол жағалауда қасбеттері заманауи талаптарға сай 7-9 қабаттан тұратын тұрғын үй мен физика-математикалық мектептің ғимараты бой көтерсе, балаларға тарту ретінде жаңадан «Оқушылар сарайы» салынады деп жоспарлануда.

Бұған қоса аймақта Болат Өтемұратов қорымен бірге 11 млрд теңгені құрайтын заманауи жолаушылар терминалы және қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа жылу электр стансасының құрылысы салынады. Жалпы қаланы көркейту үшін бар күш-жігерімізді салып жатырмыз.

Сұхбатыңызға рахмет!

Фото: qazir.kz

Тағы да оқыңыз: