Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданының Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының жұмыс жоспарына сәйкес Руханият орталығында еңбекші аналармен кездесу өтті.

2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамдарының, соның ішінде еңбекші аналардың қоғамдағы мәртебесін көтеру, олардың еңбегін дәріптеу мақсатында өткен кездесуді қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жәнібек Алмасұлы жүргізді.

Жиынға Қазалы ауданының құрметті азаматы Әбиқызы Бибісара Қазалы ауданының мәслихат депутаттары – Эльмира Жалпақбайқызы мен аудандық аналар кеңесінің төрайымы Шәкизада Келімбетқызы, ауылдық округтердегі әйелдер кеңесінің төрайымдары мен мүшелері, Отбасын қолдау орталығының мамандары сондай-ақ әр салада еңбек етіп жүрген еңбекші аналар қатысты.

Кездесу барысында Жәнібек Алмасұлы: «Жұмысшы мамандықтары – кез келген мемлекеттің экономикасы мен әлеуметтік дамуының алтын қазығы. Бүгінгі кездесудің мақсаты – әр саладағы еңбекші аналардың кәсіпқойлығын, олардың қоғамдағы жауапкершілігі мен еңбегін дәріптеу. Жастарға тәрбие берудің басты құралы – еңбекке құрмет десек, бүгінгі жүздесу – осы құндылықты дәріптеудің бір парасы» – деді.

Шара барысында қарапайым еңбектің қадірін ұғындырып, маңдай терімен ел игілігіне үлес қосып жүрген бірқатар еңбекші аналар аудан әкімінің Алғыс хатымен және естелік сыйлықтармен марапатталып, аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары –аналарға арналған әндерін арнап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жиында сөз алған Қазалы ауданының Құрметті азаматы Бибісара Әбиқызы: «Еңбек бәрін жеңбек, шынайы бақыт – адал жұмыс пен маңдай тердің жемісінде. Ел мүддесі үшін аянбай еңбек ету – әрбіріміздің қасиетті парызымыз» – деп жастарды еңбекқорлыққа шақырды. Одан соң, Аудандық аналар кеңесінің төрайымы, Қазалы ауданының мәслихат депутаты Шәкизада Келімбетқызы сөз алып марапат алушы еңбекші аналарды құттықтап, ел ішіндегі береке мен бірліктің бастауы аналар екендігін жеткізді.

Сондай-ақ марапат иесі, еңбекші ана Гүлсара Жұматқызы ұйымдастырушыларға алғыс айтып, еңбегінің елеп-ескерілгеніне ризашылығын білдірді.

Жиын соңы аудандық аналар кеңесінің мүшесі, талантты әнші Гүлнұр Аралбайқызының орындауындағы «Анаңды сүйсең менше сүй» әнімен түйінделіп, естелік суретке түсумен қорытындыланды.

Фото: Қазалы ауданы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы

Тағы да оқыңыз: