Kyzylorda-news.kz «Біреулерді қызмет көріктендірсе, енді біреулер қызметінің өзіне көрік береді», - деген атақты жазушы Ғабит Мүсіреповтың сөзі еске түскенде бойындағы бар адами болмысын, құдай дарытқан қасиетін қызметке арнаған азаматтар ойға оралады. Расында да, қолы тиген шаруаның шырайын келтіріп, еңбекқорлығымен елге пайдасын тигізу кез келген адамның қолынан келмейтіні анық. Жігітте де, жігіт бар, азаматы бір бөлек екенін еңбегімен айқындай алған азаматтардың бірі – Нұрлан Көпбосынов.

Ол Қызылорда облысы Қазалы ауданына қарасты Бозкөл совхозының бөлімшесі Жанай ауылында дүниеге келген. Ата-бабасының тамыр жайған жерінде қазақтың ата кәсібі – шопан болған ата-анасы жеті баласының бойына қазақтың қаймағы бұзылмай тұрғанда әр отбасының қатаң қағидасы болған қазақи тәрбиені сіңірді. «Өтірік айтпа, ешкімнің ала жібін аттама, үлкенді сыйла, кішіге қамқор бол» деген қарапайым болса да, әр адамның бойындағы пендешіліктің салмағынан басым түсетін тәрбие. Ақтылы қой өргізген ата-анасы өз бабаларының аманатын әр баласының бойына осылай дарытты, перзенттерін ала-құла өмір жолына осы төрт ауыз тәрбиенің қоржынымен аттандырды. Тәрбие туралы том-том кітап ақтармай-ақ жеті баласын адам етіп тәрбиелеген ата-анасының еңбегі ақталды. Арбаның алдыңғы дөңгелегі болған Нұрланның артынан ерген іні-қарындастарының барлығы да, бүгінде жоғары білімді маман.

Нұрлан 1977 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ауылшаруашылық институтының дайындық курсына оқуға түсті. 1983 жылы аталған оқу орнын жақсы бітіріп, инженер-механик мамандығын алған жас маманның еңбек жолы Алматы облысының «Сельхозтехника» мекемесінен басталып, қатардағы маманнан бөлім басшысына дейін көтерілді. Бұл салада жүріп, Нұрлан Көпбосынұлы сырттай Халық шаруашылығы институтын бітіріп, қосымша экономист мамандығын алды. Ауыл шаруашылығының маңызды саласында инженер-механик болып біраз ысылған жас экономисті  1988 жылы Қазақ КСР-інің Мемлекеттік Жоспарлау комитетіне бөлім басшысы лауазымына шақырады. Қай іске болса да, жауапты қарайтын қасиетінің арқасында көп ұзамай басқарма басшысы болып тағайындалды.

Еліміз егемендік алғаннан кейін бұрын Жоспарлау комитеті жабылып, Экономика министрлігі болып қайта құрылды. Нұрланның Экономика министрлігіне басқарма басшысы болып тағайындалуы оған деген зор сенім екені даусыз. 1997 жылдың наурыз айында бес министрлікті біріктірген Стратегиялық жоспарлау жөніндегі агенттік құрылып, Нұрлан Көпбосынов аппарат басшысы қызметіне тағайындалады.

Нұрлан Көпбосынов атқарған қызметтер қатарында 1999 жылы қайта құрылған Экономика министрлігінің департамент директоры, «Қазмұнайгаз» компаниясындағы жауапты  қызметтер бар.

2004 жылы Алматы қаласында «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймақ құрылған болатын. Нұрлан Көпбосынов сол мекеменің басшылық тізгінін де ұстады. Іскер маман 2013 жылы Арнайы экономикалық аймақты басқарушы компанияның төрағасы болып бекітілсе, 2017–2020 жылдар аралығында Дербес кластерлік қор бас директорының орынбасары болып жүргенде Арнайы экономиқалық аймақ комитетінің төрағасы қызметін қоса атқарды.

Міне, қызмет жолында айтулы асулардан өткен ағамызбен әңгіме барысында «осындай адамның өмірде өкініші бар ма екен?» деген сауал тілге орала берді. «Иә, өмір ешқашан өкінішсіз болмайды ғой. Бір өкінішім – біздің әке-шешеміз ерте қайтыс болып кетті. Ақтылы қойдың арқасында абыройдан да, кенде болмаған адамдар еді. Біз бес қыз, екі ұл нағашы әжеміздің тәрбиесінде қалдық. Барлығымызды өмірге әкеліп, алақандарында аялаған ата-анамыз ешқайсымыздың қызығымызды көрмей кете берді. Сол өкініш. Екінші өкінішім – қас-қабағыма қарап, отыз алты жыл отасқан жарым Азизаның да, өмірден ерте кеткені» дейді Нұрлан.

Иә, Нұрлан отбасылық өмірде де, бақыттың бақшасын дұрыс баптап, мәуесін майыстырған адам. «Мынау менің ұл-қызым» деген мақтанышын әлемге айтудан тайсалмайтын ұрпақ өрбітті. Ұлы Тимур сот саласында қызмет етсе, қызы Раушан «Болашақ» бағдарламасының жүлдегері атанып, қаржыгер мамандығын игерді.

Қазалының Бозкөлінде қалған балаң күндері еске түскенде оның жадында жатталып қалған жәйттер жетерлік. Әсіресе, су тапшылығынан көрген қиындықтарын ұмыта алмайды. «Біздің ауылға қар қалың жауған күн мереке болатын. Ел қардың суын ерітіп ішеді. Ауыз суға деген зәрулік соншалықты әке-шешеміз наурыз айында тереңірек етіп ұра қазып, мұзбен толтырады да ақбас деген шөппен көміп тастайды. Оны мамыр айында бірақ ашып, тамаққа қолданады. Мамыр айының ортасынан кейін канал ашылып, ауылға су келгенше, сол мұзды ілдалдалап жеткіземіз. Ауылымның суға деген осындай зәрулігін көзбен көріп өскендіктен өзім елімізде ең алғаш жасалған «Ауыз су» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру басталғанда осы бағдарламаға Қазалы ауданын кіргізуге күш салдым. Ауданды ауыз сумен жабдықтайтын жүйелер мен құрылыстар салуға қаражат бөлу кезінде де басы-қасында болдым. Осылайша, ауданның барлық шаруашылықтарына ауыз су жетті», - дейді Нұрекең.

Қарапайым болса да, еселі еңбегімен еліне еңбек сіңіріп жүрген парасатты азаматтың тағы бір қыры – туған жерге ғана емес, сол туған жерде тай құлындай тебісіп өскен сыныптастырына деген құрметі. Бозкөл ауылындағы Қарасақал Ерімбет атындағы №96 мектептің 1974 жылғы түлектерінің мектеп бітіргендеріне биыл – 50 жыл болады. Осыған орай, Нұрлан Көпбосынов өз қаражатына сыныптастарына арнап, «Бозкөл түлектері – 1974» деген кітап шығарды. Аталған кітапта Бозкөлдегі мектепте қызмет атқарған аяулы ұстаздары, осыдан – 50 жыл бұрын мектепті бітіріп, еліміздің әр қиырында жүрген және пәни өмірден ерте өткен сыныптастары жайлы деректер мен олардың бала-шағаларымен түскен суреттері жинақталған. Бұл да, Нұрланның ауылы мен ұстаздарына, құрдастарына деген махаббатының дәлелі.

Иә, туған жерге деген перзенттік махаббаттан шығар кеудесі орден-медальға толы Нұрлан үшін «Қазалы ауданының құрметті азаматы» деген атақтан асқан марапат жоқ. Әртүрлі мерейтойлық медальдарды айтпағанда «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Нұрлан Көпбосыновтың елге сіңірген еңбегі осындай.

Тағы да оқыңыз: