Kyzylorda-news.kz. Елордадағы «Қазақстан» концерт залында отандық және шетел эстрада жұлдыздарының қатысуымен Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың қаһарман қызы» атты салтанатты концерт өтті.
Концерттің беташар сөзінде Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ЮНЕСКО деңгейінде тойланатын Тұлғалар тізіміне енген даңқты әншінің ғасырлық тойы ресми түрде басталғанын айрықша атап өтті.
Кеште Роза Рымбаева, Тамара Асар, Ренат Гайсин, Жұбаныш Жексен, Айгүл Қосанова, Зарина Алтынбаева, Әміре, Рухия Байдүкенова, Жанэт (Беларусь), Хулкар Абдуллаева (Өзбекстан), Мирбек Атабеков (Қырғызстан) және т.б. елімізге танымал әртістер өнер көрсетті.
Роза Тәжібайқызы Халық Қаһарманы атағына ие болған Қазақстандағы жалғыз әнші. Ол өмірінің 70 жылынан астамын сахнада өткізіп, әлемнің 50-ден аса елінде болып 25 тілде ән айтқан шырқаған. Сөйтіп, жарты ғасырдан астам уақыт бойы қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен өнерінің өркендеп, әлемге танылуына үлкен үлес қосты. Концертте Тәжібайқызының ұлы Тәжен мен келіні Марал және әншімен бірге 24 жыл етене қызмет еткен продюсері Қуаныш Әбдіқалымов та болды.
Роза Бағланованың азан шақырылып қойған есімі Үрбибі екен. Кеше айтулы сахна жұлдыздарымен бірге даңқты Тұлғаның немересі он жастағы Үрбибі Бағланова да өнер көрсетті.




