Kyzylorda-news.kz. Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, көненің көзі, бабадан қалған асыл мирас. Қазақ пен домбыра егіз ұғым ғой! Халқымыздың қадір тұтып, төрге ілген киелі аспабының құрметіне өскелең ұрпақ санасына сіңіру мақсатында шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күнін болып айқындалды.

Домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құндылық. Ол Ұлы Даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатыр. Бір кездері Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар Таңбалы тас табылғанын бәріміз білеміз. Арал маңында домбыра ұстаған адамның мүсіні біздің дәуірімізден 4 ғасырдың мұрасы болыпты. Ал Алтайдан табылған ата домбыра біздің дәуірімізден 5 ғасырға тиесілі. Алтайдан Атырауға дейін бүкіл Қазақстанның даласы 4-5 мың жылдан бері осы домбыраның үнін естіп келе жатыр. Ол бар қазақтың бір екенін, қанымыздың да, жанымыздың да бір екенін дәлелдейтін көрініс.

«Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды,жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі», – дейді Ахмет Жұбанов. Белгілі қазақ композиторының қанатты сөздері күмбірлеген қара домбыраның сан ғасырлық тарихын әспеттесе керек.

Қазіргі уақытта ұлттық аспаптың заманауи музыка ырғағымен үйлесімді үндесіп жатқанын назарға алсақ, домбыра ғұмыры әлі талай ғасыр жасайтынын аңғаруға болар. Ұлттық руханиятымызды дәріптейтін мереке домбыраның мәртебесін биікке көтере берсін!

Айтжан Оразбақов Облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының жетекшісі

Тағы да оқыңыз: