Kyzylorda-news.kz   ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық Статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінде  Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөнінде семинар өтті.

 Семинарға социолингвист-ғалым, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филиология ғылымдарының кандидаты А.Абасилов, айтыскер ақын, ІІІ дүркін «Алтын домбыра» сыйлығының иегері, Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының директоры М.Ниязов, облыстық қоғамдық даму басқарамасының бөлім басшысы Л.Есім, облыстық тілдерді оқыту орталығының оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Г.Сембиева қатысып, мемлекеттік тілді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы, «Тіл туралы» Заңға енгізілген өзгерістер жайлы баяндамалар жасады.

Департамент басшысы Қ.Әбсұлтанов семинарды ашып, департамент бойынша жүргізілетін ісқағаздарында толықтай мемлекеттік тілдің қолданылатынын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне мекемедегі 90-ға жуық мемлекеттік қызметшінің әрбірі атсалысуы керектігіне тоқталды.

Департаментте қазақ тілінің жүргізілуіне жауапты Г.Ыдырысқызы Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бойынша мекемеде атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

Келелі жиынға қатысқан тіл жанашырлары мемлекеттік тілде сөйлеушілер санын арттыруды, ана тілімізді отбасынан бастап ұрпағымыздың бойына сіңіруді, жастарымызды кітап оқуға баулу қажеттігіне кеңінен тоқталды.

Семинар жұмысын қорытындылаған департамент басшысы Тіл саясатын дамытудың тұжырымдамасы аясындағы жұмыстар жалғаса беретінін жеткізіп, тіл жанашырларына Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге» кітабын тарту етті.

Тағы да оқыңыз: