Kyzylorda-news.kz Сыр елі 100 шайыр шыққан қасиетті мекен. Туымды өнердің туын тіккен өлкеде ұлтымыздың төл өнері жыраулық дарыған таланттар шоғыры толастаған емес. Қазақ халқының маңдайына біткен қасиетті өнер екінің біріне бақ болып бұйырмаған. Ол тек бойға біткен талантты біліммен ұштастырып, тер төккен санаулы жанның пешенесіне жазылған.

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Қарақат Ғаниқызы бабадан мирас болған дәстүрлік өнерді жалғастырушы  жалындап тұрған жас жырау. Саф алтындай жыр жауһарын бойға сіңіріп, ұзақ дастандар мен хиссаларды жаттап, көрерменге ұсыну өнер өлкесімен жаңа қауышқан өнерпазға оңай емес. Десе де 4 жасынан-ақ әнге елтіген балауса қыздың арманы сахнаға шығып өзіне тән қоңыр дауыспен әуелетіп ән салу болатын. Бүгінде өнер әлеміне қанатын жайған Қарақаттың әр қадамы сәттілікке бастап тұрғандай.

«Төрде тұрған домбыраға қол созып, оны нәзік саусақтарымен шертуге құмар болды. Ал әуелеген ән айтылса, бесікте жатып бұлқынып, уілдеп жататын. Ол адамға жақын, ашық жарқын, көпшіл болып өсті. Ауылда мектеп қабырғасында жүріп домбыра үйірмесіне қатысты. Шығармашылығын шектеген жоқпыз. Ата-аналық мейірімімізді төгіп қолымыздан келгенше өнерін қолдап, дем беріп отырдық. Өзіміздің де өнер десе ішкен асымызды жерге қоятын әдетіміз бар. Бақытын ұлтымыздың төл өнерінен тауып, тарлан таланттардың ізін жалғап жүрсе біз үшін үлкен бақыт» дейді анасы Айсұлу.

Мектепте жүргенде бойымда әнге деген құмарлық болды. Киелі өнер түп нағашым Райкүл әжемнен дарыған. Ол кісі ауылдағы «Асыл әже» ансамблінде әнші болған. Ауылдық клубта домбыра үйірмесінде Қасым Айтпенбетов ұстазымнан тәлім алып, аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері атандым. Бұл менің дүбірлі додадағы алғашқы үлкен жеңісім десем де болады. Грузия елінің Зугдиди қаласында өткен халықаралық байқауда І орынды еншілеп, қазақ елінің абыройын асқақтаттым. Байқауда белгілі ақын, майдангер-ұстаз Темірбек Жүргенов ауылының тумасы Асқар Қожахметов атамыздың республикаға белгілі «Қош болып тұр, Қазақстан аймағым» атты термесі мен халық әні «Ақеркені» орындадым.  Бұл әрине, жүрек толқытатын жаңалық. Елден тысқары жерде ән айтып, грузиялықтардың қошеметіне бөленіп, жүлдемен оралу мен үшін өмірдегі үлкен сый болды, – дейді Қарақат.

Қарақаттың өнеріне жанашырлық танытып жүрген алғашқы ұстазы Бисенбек Төлеубаевтың айтуынша, жас та болса Қарақат Әбдікәрім өнер саласында өз ізін қалдыруда. Еліміздің байрағын желбіретіп, мәдениетімізді әлемнің түк¬пір-түкпіріне жырлары арқылы жеткізуде. Қазір «Жиенбай» жыраулық мек¬тебін қалыптастыруға күш салудамыз. Сол мектептің басы да міне, осы Қарақаттан басталуда. Ол колледжге келген уақыттан бастап еңбекқорлығымен көзге түскен, болашағынан көп үміт күттіретін шәкіртінің бірі екенін айтады.

Небары 18 жастағы Қарақаттың армандары көп. Ол қазір «Қазанғап» атын¬дағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінде білім алып жатыр. Бастапқыда оқу қиын болған. Группаластарының көпщілігі музыкалық мектепті тәмамдап, бұл саладан алғашқы тәлім алғандар екен. Көп ұзамай тынымсыз еңбектің арқасында Қарақат та фортопионо, гитара аспабында ойнауды үйреніп алады. ХVІ республикалық студенттік пәндік кіші олимпиадасында «Жыршылар» номи¬нациясы бойынша ІІІ орын, Мәдениет қайраткері, жыршы-термеші Жұмабек Аққұловтың 80 жылдық мерейтойына орай еткен «Жыр ғұмыр» атты облыстык жыршы-термешілер байқауынан ІІ орын, «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы-термешілер байқауынан І орын иеленген.

Бүгінде жас жыраудың репертуарында Тұрмағамбет Ізтілеуовтің термелері, Базар жыраудың «Мақпал сегіз» дастаны, «Көрұғлы» жыры өзге де ұзақ термелер мен толғаулар бар. Болашақта танымал жырау Ұлжан Байбосыновадан дәріс алуды армандап жүрген Қарақаттың қадамына біз де сәттілік тіледік.

Тағы да оқыңыз: