Kyzylorda-news.kz  Бұл туралы ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Жеңіс Ысқақова  «Ұждан»  әкелер алаңына берген сұқбатында айтты.

«Менің әкем өзі салмақты, өзіне сенімді, әрбір сөзін ойланып сөйлейтін және еш уақытта балаға дауыс көтермеген. Маған, жалпы балаларына «Сен мықтысың, ақылдысың, сенің қолыңнан бәрі келеді» деп жүрегіне сенім ұялатып, жігер берген әкенің баласымын. Әрине, әкем бала кезімізден жүрегімізге сенім ұялатып, тәрбиеледі», – деді Жеңіс Ермағанбетқызы.

Әншінің айтуынша, әкесінің қуатты сөздері ғұмырлық қағидасына айналған.  

«Әкем шешеме «балаларға көп сөйлей берме, қадірің кетіп қалады, оларға бір рет айтып, түсіндіру керек» дейтін. Менің өмірдегі ұстанымым, әкемнің ғұмырлық қағидасы: өтірік сөйлеп, көлгірсімеу һәм ұрламау, адамды сатып кетпеу. Соңғы кезде адамдар өздеріне есеп бермейді. Ал әкем бізді бір уақыт өз-өзімізге есеп беруге үйретті.  Мысалы, біреуді ренжітіп қойсаң, ойлан. Не үшін ренжіттің? Мүмкін сенің де қателескен жерің болар, үйге келгенде осыларды ой елегіңнен өткіз. «Мен не істедім, кімге ауыр сөз және кімнің көңіліне тиетіндей әңгіме айттым»  деген сұрақтарға күнделікті жауап ізде. Әкемнің тәрбиесі осындай еді. Бүгінге дейін әкемнің айтқан сөздері есімнен кеткен емес. Сондай-ақ ешкімге сенбе, сүрінген жеріңнен ешкім сені сүйремейді, өзіңді жетелейтін өзің, өзіңді алып шығатын да өзің деген болатын», – дейді әнші.

Жеңіс Ысқақованың айтуынша, анасы әкесін паштадай сыйлайтын болған.


«Қоғамдағы әкенің орны орасан зор. Өйткені, қазақта жақсы сөз бар: «Әке – асқар тау». Жалпы, шешелеріміз бізді әкелерімізбен қорқытатын. Ал негізінде әкеміз ең мықты, басқа балаларды еркелетпесе де мені әлпештеп отыратын. «Әкең келе жатыр, шуламаңдар, тамағын ішсін» деп аналарымыз үлкен патша қылып қоятын. Патшадай әкеден тәрбие алған ер бала өзінің отбасының патшасы болуы тиіс. Патшадан патша туады. Сондықтан да бүгінгі қоғамда патшалар азайып барады. Бұл ащы шындық болса да отанымызды, әр отбасыны асырайтын да азаматтар. Балаларға еркектік тәрбие беріп, жігерлендіретін де азамат. «Сен азаматсың, еркек емессің бе» деп жүрегіне сенім ұялататын да әке. Бүгінде сол азаматтардың рөлін айта алмаймын, керісінше әйелдердің рөлі басымырақ.  Бірқатар еркектердің әңгімесі «Біреу сөйлеп жатса, аузын қышып бара ма» деген принцип. Ал әйелдер балалары, күйеулері үшін тірлігін жасап жүре береді. Ал жігіттер «Вперед Фатима» деп отыратын қоғамда өмір сүріп жатырмыз», – деді әнші.

Фото: inform.kz

Тағы да оқыңыз: