Kyzylorda-news.kz. Биыл облыстық филармонияға ширек ғасыр толды. Мерейтойға орай еліміздің бірқатар аймақтарында Сыр өнері дәріптеліп, кең көлемде мәдени шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, «Балалар жылы» қарсаныңда «Әдемі» балалар музыкалық театр-студиясының бес жылдығына орай жаңа қойылымдар сахналаналанып, балаларды музыкалық аспаптарға қызығушылығын арттыру мақсатында «Мәңгілік музыка» атты концерт өткізіледі. Биыл аймақта 149 мәдени іс шара өткізу жоспарлануда.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Жанат Құрамысова мәлімдеді.
«Тәуелсіздік алған жылдары облыстық филармонияның құрылымы кеңейіп, 2007 жылы Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Ақмешіт» фольклорлық, «Сыр самалы» вокалды аспапты және «Томирис» би ансамбльдері құрылды. Филармонияның алғашқы құрылған жылдарында белгілі композитор Тәңірберген Қалауов басшылық жасап, жыршы-термеші Ақмырза Тұяқбаев,Фатима Төлегенова, Шымберген Тілеулесов, Тәжігүл Аманжолова, Гүлжан Нұржанова, Күлән Қалымбетовалардың ізін бүгінде жас әншілер, өнер ұжымдары жалғастырып келеді. Аталмыш өнер ұжымдары алыс-жақын шетелдерге Сыр өнерін насихаттау мақсатында АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон, Біріккен Араб Әмірлігінің Әбу-Даби қалалары мен Түркия, Өзбекстан, Ресей,Татарстан, Босния-Герцеговина елдерінің сахнасында өнер көрсетуде», – деді басқарма басшысының орынбасары Жанат Құрамысова.
Соңғы 10 жылда облыстық филормония ұжымы әлемнің 10-нан аса елінде концерт өткізді. Бүгінде филормонияның жұмысы кеңейіп, өнер сүйер қауымды ән әлемімен сусындатып келеді.
«Биыл мерейтой аясында бірнеше қалаларда Сыр өнерін паш етуді жоспарлаудамыз. Сонымен қатар, ұлағатты ұстаз, профессор Инаят Жарылқановтың 75 жылдығына арналған «Мәртебелі маэстро» атты және ҚР Еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетовтың 65 жылдығына орай «Ән ғұмыр» атты шығармашылық кеш өткізіледі. Жалпы концерттік ұйымдардың міндетіне өнер иелерінің шығармашылық кештерін өткізуде жоспарлануда», – деді облыстық филормонияның директоры Талғат Мақашов.