Kyzylorda-news.kz. Биылғы жыл  Бесарықтық өнерпаздар үшін табысты жылға айналды. Әр ай сайын өнерпаздар сан түрлі байқауларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрінуде. Біздің талабы таудай шәкірттеріміз өздері секілді өнерпаздар арасында мықты екендіктерін танытуда. Өз кезегінде  жақында жеңімпаз шәкірттеріміз осыған дейінгі жеткен жетістіктерін саралау мақсатында «Өнерге қанат қаққандар» тақырыбында шығармашылық кеш өткізді.

Кеш барысында «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының «Ұлттық би» және «Көркем сөз оқу» үйірмесінің мүшелері ерекше өнерлерімен дараланды. Бұл ретте, білікті ұстаздар Шапағат Жарқынбек пен Аякөз Күзенбайқызының еңбегі зор. Берекелі Бесарық ауылында бишілер тобы мәдениет саласының майталманы Гүлсара Қарғабайқызының есімімен аталады.

Танымы мен тағылымы бөлек кеште көркем сөз шеберлері мән-мағынасы зор көрініс қойса, бишілеріміз ерекше қойылымдарымен көпшілікті тәнті етті. Жоғарғы деңгейдегі кештің өтуіне Бесарық ауылдық мәдениет үйінің директоры Абзал Молдашев бастаған ұжымның қосқан үлесі жеткілікті. Барлық өнерпазға ауыл әкімі Дәулет Сәрсенбаевтың «Алғыс хаты» табысталды. Сонымен қатар орталық тарапынан жетекшілерге айрықша құрмет көрсетілді.

Айта кетейік, «Көркем сөз оқу» үйірмесінің мүшесі Жазира Аманжолова Қаныш Сәтпаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Астана қаласында өткізілген ғылыми жобалар байқауында топ жарды. 

Тағы да оқыңыз: