Kyzylorda-news.kz «Жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес» дейді дана қазақ. Сыр өңірі бір бойында сан түрлі өнер тоғысқан «сегіз қырлы, бір сырлы» дарынды тұлғаларға кенде емес. Жас та болса хас талант атанған жерлестеріміз талайды таңдай қақтырып, топ жарып жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Солардың бірі, Сыр сүлейлерінің ізін жалғаушы, талабы таудай, болмысы бөлек айтыскер ақын, жыршы-термеші Бексұлтан Орынбасаровпен әңгіме өрбіттік.
– Амансыз ба, Бексұлтан ақын? Алғашқы сұрағым, қазақ халқының рухани мәдениетінің айнасы саналатын айтыс өнеріне сізді кім баулыды? Әлде ақындық өнер қанда бар ма?
– Әуелі сұхбатқа шақырғандарыңыз үшін рақмет! Біздің тұлға болып қалыптасудан бұрын өмірге келгенімізге де көп болған жоқ. Сонда да «халық айтса қалып айтпайды» демекші, сұрақтарыңызға өз дәрежемде жауап беруге тырысайын. Жалпы мені ақындық өнерге баулыған өзімнің әкем. Ең бірінші Алланың берген қасиеті, қанмен де, туған топырақтың киесімен де келді деп ойлаймын. Өйткені «қасиет белден емес, елден» деген қазақта сөз бар ғой. Біздің Арал беткейінде Нұртуған, Нұрмағанбет, Жаңаберген, Дәріқұл, Жаппарберді секілді жыраулар туған. Біз сол Аралдың Шөмішкөл елді мекенінде дүниеге келдік. Өз атам Орынбасар да сөз ұстаған. Елдің аузында аты қалған, атыберлі адам болған.
Ақындық өнерге алғаш болып тәрбиелеген сонау Аралдың Шижаға деген ауылында Қайрат Құлекешов есімді ағамыз бар, сол кісі ең алғаш айтыстан тәлім берді. Айбек Тәңірбергенов жыраудың қолында тәрбие көрдік. Сол кісінің шеберханасында жыраулық өнерге бағыт алып, қалыптаса бастадық. Бертін келе, қалада Ержеңіс Әбді ұстазымыздан тәлім алдық. Ол кісі айтыстың теориясын, техникасын, сөздің жүйесін өз деңгейінде түсіндірді. Өнер руға, жүзге, жасқа бөлінбейді. Сондықтан әлі де ұстаздардан алатын тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге көп деп ойлаймын.
– Ертеректе «екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деуші еді, ал қазір керісінше екі кеменің басын ұстамаған суға кететін секілді. Айтыскерліктен бөлек жыршы-термеші қырыңыздан да ел таниды. Білуімізше жаңа түскен келіннің бетін ашасыз. Әнге сөз жазатын қабілетіңіз де бар. Бұлардан бөлек жастар театрында еңбек етудесіз. Барлығына бірдей уақытты қалай жеткізесіз? Қиын емес пе?
– Өзі уақыт деген асыққанда жеткізбейтін, күткенде келіп болмайтын қасиетті нәрсе. Біздің бағытымыз мәдениет, шығармашылық, өнер болғаннан кейін сұрағыңызда аталғанның барлығы жымдасып жатқан дүние. Мен мысалы, айтыста жүргеніммен театрда да қосымша еңбек етіп жатырмын. «Айтыс – дала театры» деп Мұхтар Әуезов айтқандай, театрдағы жұмысым айтыс саласынан алыс емес. Ол да бір шығармашылық бағыт. Ал енді ақынның, жыраудың жүрген жері той болатыны белгілі. Сондықтан бұның барлығы өз ісіңнің маманы болсаң, аса бір қиынға соқпайды.
– Абайша айтқанда «Ниет болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» демексіз ғой. Бәрекелді! Неше жасыңыздан бастап жыр жаттадыңыз? Ал айтыс сахнасында алғаш қай жасыңызда өнер көрсеттіңіз?
– Әкемнің жетекшілігімен, сол кісінің ақыл-кеңесін ала отырып, қолыма алғаш домбыра ұстаған уақыт 12-13 жас шамасы. Ол кісі де құралақан емес, Нұртуған шайыр мектебінің өкіліміз. Сыр бойындағы жыраулық өнер өздеріңіз білетіндей, үш жыраулық мектепке жіктеп айтылады. Аралда Нұртуған шайыр мектебі, Қармақшыда Жиенбай жырау мектебі болса, Шиелі жақ бетінде Нартай ән-өнері мектебі қалыптасқан. Біз сол Нұртуған шайыр мектебінде Айбек Тәңірбергенов ұстазымыздан білім алып, сол жақта оқыдық.
Алғашқы айтысқа да сол мектеп жасымда, жетінші сынып оқып жүргенде шықтым. Домбыра тартып, жыраулар байқауына қатысып жүргенімді себеп қылып, ұстаздарымыз айтысқа да шығарып жіберген жайы бар. Сөйтіп айтысқа да, жыраулық өнерге де арасы алыс емес 13-14 жасымда қадам бастым.
– Сізді не шабыттандырады?
– Шабыт деген бұл бір тылсым күш. «Адамды қартайтатын уақыт емес, адамды қартайтатын – ойлар мен оқиғалар» дейді ғой. Кез келген оқиғаға байланысты, ол жақсы жағдай болуы мүмкін, жаман жағдай болуы мүмкін… соған байланысты адамның шабыты келіп, өзінің ішкі эмоциясын жырмен, өлеңмен шығарады. Әркім өзінің шығармашылық қабілетімен жеткізеді. Сондықтан шабыттың қай уақытта келетінін, не шабыттандыратынын нақты айта алмаймын. Себебі, жаңа айтқанымдай белгілі бір жағдайлардан, оқиғалардан шабыт аламын. Сол сәтте өлең жазамын. Тек өлең жазу бағытында қарауға болмайды, шабыттанып отырып жырлауға да болады. Көңілің жайлы болса, ойға алған ісің оң шешімін тауып жатса, неге шабыттанып жырламасқа? Неге дастан жырламасқа? Неге терме айтпасқа?
Ол да шабыттанудың белгісі. Шабыт болмаса оны да орындай алмайсың.
– Айтыс сахнасында ең ерекше есте қалған сәттеріңіз болды ма? Қай қарсыласыңыз айрықша әсер қалдырды?
– Өзі айтысқа шығатын адамның жүрегі ғарышқа ұшатын адамның жүрек соғысымен бірдей болады екен. Сондықтан барлық айтысты, сахнадағы әрбір сәтті ерекше деп айтуға болады. Қаншама халықтың алдына шығып өнер көрсету, сол жерде сөз тауып, суырып салу – екінің бірінің басына бұйырмайтын бақ, екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа деп айтар едім.
Ең ерекше есте қалған қарсыласым жайлы айтар болсам, қателеспесем 2019 жылдың ақпан айында «Абай жолымен» атты республикалық деңгейде Жүрсін Ерманның жүйріктер қатысқан айтыс өтті. Сонда «Алтын домбыра» иегері Жансая Мусина әпкемізбен айтысқа шықтым. Менің үлкен айтыста, алыптар арасында алғаш тұсауым кесілген сәт ретінде есте қалды. Жансая әпкемізбен өте сәтті, жоғары деңгейде айтыс көрсетіп, халықтың ықылас-қошеметіне бөлендік. Сол сахнада әпкеміз маңдайымнан сүйіп, батасын бергені ерекше сәт және есте қалған қарсыластарымның бірі.
– Жыр-терменің қазақ халқы үшін маңызы қандай?
– Жыр-терме – халықтық мұра. Алмас ағамыз айтқандай, өнерге бір күнде келген жоқпыз және бір күнге келген жоқпыз. «Жырау – ұлттың рухани көшбасшысы» деген сөз бар. Жыраулық өнер мұрагер ұрпақтар арқылы дәстүрлі сипатқа ие болып отыр Һәм оның маңызы – бүтін бір ұлтты тәрбиелейтін тәрбие құралы болғандығы. Жыр дегеніміз ол – дін, саясат, тіл, мәдениет. Қалай айтсақ та жырға барлығы сыя бермек. Себебі ол синкретті өнер. Бабаларымыз айтқан үлгі-өнеге, насихаттың барлығы осының ішінде. Сондықтан жыр-терме дегеніміз ұлттың рухын көтеруде өте маңызды рөл атқарады.
– Мұқым елдің мұң-мұқтажын айту ақынның міндеті деп жатады. Бүгінде айтыста қоғамдағы өзекті мәселелер өз деңгейінде қозғалып жүр ме?
– «Бір ақынның сау болса тіл мен жағы, мың адамның айтылар мұң мен зары» деп бекер айтылмаған. Әрине, ұлттың мүддесін қорғаушы тұлғалардың бірі ақын, жыраулар. Себебі елдің жайын, жердің жайын, саяси мәселелерді тігісін жатқызып, арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтіндей етіп, халық пен биліктің ортасындағы алтын көпірді құлатпайтын дәрежеде айта білу ол ақынның ақынының қолынан келетін шаруа. Бүгінгі қазақ айтысында өзекті мәселелер әрине өз деңгейінде қозғалып жүр. Қозғала да береді. Тек оны кім қалай жеткізеді… сол мәселе. Екі тарап та айызы қанып, бір-біріне есесі кетпейтіндей, барлығы өз дәрежесінде шешімін табатындай етіп жырлайтын ақындар жоқ емес. Сондықтан мәселелер қозғалып жүр деп айта аламын.
– Бүгінгі қазақ айтысы әлемдік сахнаға шыға ала ма? Ол үшін не қажет деп ойлайсыз?
– Әрине, қазір айтысқа деген жанашырлық, қолдау ерекше. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, барлық жанрда айтыстың практикасы жасалып келеді. Мысалы жастардың назарын аудару үшін «АйтыStar», «Асыл домбыра», «Күміс домбыра» жобалары ұйымдастырылып жүр. Кеше ғана Астанада ауқымды деңгейде «Қола домбыра» республикалық оқушылар айтысы дүркіреп өтті. Ол айтыста «қола домбыраны» иеленген ақын «Күміс домбыра» мега-жобасына жолдама алады. Ал «күміс домбыраны» жеңіп алған ақын жылдың қорытынды айтысы «Алтын домбыраға» қатысады. Барлығы осылай кезең-кезеңімен кіл жүйріктен шын жүйрікті анықтап, жоғары деңгейде және дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді.
Айтыс өнері қазір халықаралық деңгейде тұр деп айтуға болады. Себебі «айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» өз жұмысын қарқынды жүргізуде. Кеше ғана Ташкенттің төрінде қазақтың үш биіне арналған халықаралық айтыс өтті.
Қазақстаннан, Маңғолиядан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан әртүрлі ұлт өкілі қатысып, бақ сынасты. Енді халықаралық деңгейдегі айтыстың әлемдік деңгейге көтерілмеуі мүмкін бе? Сондықтан, келешекте айтыс әлемдік деңгейде өз орнын алады деп ойлаймын.
– Айтыс өнерінде шекара бар ма? Қандай тақырыпты қозғамауға тырысасыз?
– Айтыс өнері болсын, басқасы болсын, жалпы өнер деген нәрседе шекара болмайды. Өйткені ол тым биік һәм түпсіз терең, сөзбен айтып жеткізе алмайтын ұғым. Өнерді әркім әрқалай түсінеді. Менің ойымша, «өнер дегеніміз – шексіздік». Ал айтысқа келетін болсақ, қозғамайтын тақырыптар болады, әрине. Мысалы, ұлттың бірлігіне нұқсан келетін тақырыптар немесе ұлтараздық тудыратын мәселелер болуы мүмкін. Бұл тақырыптарды қозғаған күннің өзінде елді бірлікке шақыратын деңгейде айтуға міндеттіміз. Сондай-ақ елдің еңсесін түсіретін «жағымсыз» ойларды, нақты бір дәлелсіз ел арасында айтылып жүрген жалған ақпараттарды айтпауға тырысамыз.
– Айтысты да, жырды да өнер ғана емес, ұлттық тәрбие құралы дейміз. Бүгінде сол деңгейінен құлдырап кетпеді ме?
– Әрине, айтыс та, жыр да – тәрбие құралы. Екеуінің де бар екені ақиқат. Өз деңгейінен түсіп кетсе қазір біздің қоғамымызда, өмірімізде болмас еді. Атадан балаға мирас болып келе жатқан нағыз колориттер. Дәуір алмасып жатқандықтан, қазір жастар арасында айтыс та, жыр да сирек тыңдалуы мүмкін. Бірақ келешекте әр нәрсенің өз заманы туады. Сондықтан ол тәрбие құралы болып қала береді. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» демекші, бір күні болмаса бір күні ақиқат мойындалады. Сол үшін мен бұл қос өнердің деңгейі түсіп кетті деп айта алмаймын. Бір терменің толық мазмұнын, мағынасын түсініп тыңдаған адам және айтыста айтылған айшықты ойларды іліп алып, санасына сіңірген адам автоматты түрде өзгереді.
– Сіз үшін басты мақсат қарсыласты жеңу ме, әлде көрерменге ой салу ма?
– Мақсатым қарсыласты жеңу емес. Айтыс – өнер сайысы. Ал өнер сайысында жеңуді мақсат тұтып, өмірдегі сыйластыққа сызат түсіруің мүмкін. Сондықтан айтыста айтқан бір ауыз сөзім бір адамның жүрегінен орын алса, ой түйсе мен үшін нағыз жеңіс сол.
– Сұхбатыңыз үшін рақмет! Алар асу, бағындырар белесіңіз көп болғай!
Әңгімелескен Аружан ОРАЛБАЙ