Kyzylorda-news.kz. Үкіметтік емес ұйымдардың ресурстық орталығында Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов ҮЕҰ өкілдерімен кездесті. 

«Егемен еліміз азаматтық қоғам қалыптастыруды өзінің негізгі бағдары ретінде ұстанады. Сондықтан еліміз тәуелсіздік алғаннан бері аталған бағыттағы үрдіс айтарлықтай ілгері баса бастағанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Еліміздегі азаматтық қоғамды дамыту үдерісін негізінен төрт кезеңге бөліп қарастырсақ, соңғы төртінші кезең: қазіргі кезеңде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске қосылып, қоғамды демократияландыру бағытында өзгерістер енгізіле бастағанымен ерекшеленуде. Соның айғағы ретінде бүгінгі сіздермен кездесу де куә бола алады, - деді үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесуде облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов.

Алдымен ол биылдың басты бағдарын баяндап, келесі жылдың келелі істеріне тоқталған соң көпшілік орта ортақ мәселеге ойысты.

Жыл басынан бері өнер мен мәдениетке, спортқа қатысты белгілі тұлғалардың мерейтойы атаусыз қалған жоқ. Музей, архив, археология, кітапхана, спорт саласында жаңашыл жұмыс жанданып отыр.

Аймақ спортшылары Қазақстан Республикасы чемпионаттары мен кубоктарында 1017 медальға, Әлем және Азия чемпионаттарында 195 медальға қол жеткізді. Елорда күні қарсаңында өткен «Қазақстан барысы-2022» турнирінде Мақсат Исағабылов Қазақстан барысы атанды. Енді 2024 жылы өтетін жазғы Париж олимпиадасына Сыр елінен саңлақ қосу жұмысына қызу дайындық жүргізілуде.

Бұл орайда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әрбір маңызды шараға мән беріп, барынша қолдау жасап, аймақ абыройын асқақтатудың авангарды болды десе жарасады. Демеушілер есебінен Өнер орталығын, жабық стадион, неке және оқушылар сарайын, «Балалар жылына» тарту ретінде қалада 50-ге тарта, аудандарда 30-дан астам спорт-ойын алаңын салдырудың маңызы да үлкен жетістік. 

«Келесі жылдың жүгі жеңіл болмайды. Соның ішінде Түркияның Бурса қаласында халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мәдениет министрлерінің кезектен тыс 39 жиыны өтіп, онда 2023 жылды түркі әлемінде «Темірбек Жүргенов жылы» деп жариялау туралы шешім қабылданды. Соған сай алдымызда атқарар үлкен міндеттер күтіп тұр» деп Руслан Рүстемұлы алдағы күннің ауқымды шараларына тоқталды.

Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова: «Қазір Қызылорда облысында 25 Жазушылар одағының мүшесі бар. Өмірден өткен қаламгерлерді еске алу, олардың асыл мұрасын жаңғырту, шығармашылыққа қолдау, мұражай ашу, журнал шығару секілді шаруа шашетектен. Осы мәселе орындалса дейміз» деп ұсынысын білдірді.

Аталған ұсынысқа басқарма басшысы өз жауабын берді. Ретінше, мүмкіндік қарастыруға күш салатынын жеткізді.

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің жетекшісі Нұрмат Мансұров айтыс өнеріне қатысты шаралар атқарылып жатқанын, аймақта жылжабар айтыс өтетінін жеткізе отырып, айтыс өнерінің майталман өкілдерін қаланың көрікті орындарында билборд арқылы насихаттау, балаларды кітап оқуға бейімдеу, «Кемелден» оқу кештерін ұйымдастыру жұмыстарын алға тартты. Нұрматтың назарындағы мәселе де маңызды екенін айтып, Руслан Рүстемұлы оған тиісті жұмыстардың жасалатынын жеткізді.

Сол секілді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, «Дәстүрлі қолөнер орталығы» ұйымының жетекшісі, Қазақстан қолөнершілер одағының мүшелері Айдана Әлайдарова мен Айзат Мырзабаева қолөнершілерге қолдау көрсетіп, Ұлытау сапарына мүмкіндік жасаған басқармаға ризашылығын білдірді. Өз кезегінде олар қолөнершілер фестивалін ұйымдастыруды ұсынды.

«Мәселе орынды. Біз фестиваль күйінде қалдырмай, симпозиум деңгейінде өткізуге күш салуға болады. Мұнымен қоса, «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фестивалі аясында да, «Парасатты поэзия» шарасында да көрме ұйымдастыруға мүмкіндік бар, - деді басқарма басшысы.

Кездесу соңында «Невада-Семей» ұйымының жетекшісі Сәбит Әбіш бұл шараның тиімділігі мен ықпалына ыстық ықыласын білдіріп, үлкендік жолымен үмітті істерге ақ ниетін айтты.

Қоғам белсенділерімен қауышу мәдениет пен спорт саласы үшін де маңызды. Басқарма басшысы айтқандай, қоғамдық ой-пікір ортақ мәселені жетілдіріп, ауқымдылығын арттырады, тиімділігін таныта түседі.

WhatsApp Image 2022-11-24 at 13.28.33 (1).jpeg

WhatsApp Image 2022-11-24 at 13.28.33.jpeg

Тағы да оқыңыз: