Білім мен ғылым саласының дамуы жолында ерен еңбек сіңіріп, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу жолында ерен еңбек сіңірген ұстаздардың еңбегі ұмытылмақ емес. Солардың бірі – «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің «Қоғамдық-саяси тарихы архиві» филиалы қорындағы «Сыр елінің ғалымдары» қор коллекциясының жеке тектік қор иесі, Қазақстан Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің академиялық профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Әмірбек Тоқбергенов. Бұл туралы «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ «Қоғамдық-саяси тарихы архиві» филиалының жоғары санатты архивисі А.Ұзақбаева мәлімдеді.

Еңбек жолын 1955 жылдан Қызылорда қаласындағы П.Д.Осипенко мектебінде бастаған ол 1957-1961 жылдары 1 Мамыр мектебінде және осы 8 жылда педагогикалық және медицина училищелерінде ағылшын тілінен сабақ берген. 1961-1968 жылдары Ю.Гагарин атындағы мектеп-интернатта, 1968 жылдан бері Қызылорда педагогикалық институтында педагогика және психология, шетел тілдері кафедрасында оқытушы қызметін атқарған. 1970 жылы қыркүйек айында Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми зерттеу институтының жанындағы аспирантураға конкурспен түсіп, 1973 жылы бітірген. 

Саналы ғұмырының салтанаты, межелі мінбелерінің әр сағаты, бақытының баяндысы, ойларының орамдысын, еңбегінің есесі мен көрегенділіктің көшесін ұстаздық қызметтен тапқан. Өмір өзені, өнеге-өткелі иман-инабатты асқақ арманды асыл ағамыз ілім-ғылымның шырқау көгіне шарықтай көтеріліп, 1974 жылы кандидаттық диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды. 1977 жылы шетел тілдері кафедрасы бойынша (оқыту әдістемесі курсы) доцент атағы берілді және факультет аралық шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі қызметін 1988 жылға дейін атқарды. 1988-2003 жылдары педагогика және бастауыш оқыту методикасы, педагогика және психология кафедраларында қызмет атқарды. Осы жылдарда тек шетел тілдері бойынша білім жетілдіру курстары (Алматы, Горький қалалары) семинар-кеңестер (Пятигорск қаласы) ғана емес, Бүкілодақтық Білім қоғамы өткізген ғылыми-практикалық конференцияларға: Калуга қаласында, Москва қаласында, Душанбе қаласында, республикалық ғылыми-практикалық конференцияларға (Шымкент, Павлодар, Түркістан қалалары) қатысқан, оқылған баяндамалары жоғары бағаланып, 1977 жылы Бүкілодақтық «Білім» қоғамының «Құрмет» грамотасы, 1987 жылы «Ыбырай Алтынсарин» атындағы медалі, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісі, халық депуттары Қызылорда облыстық Кеңесінің атқару комитетінің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. 1969 жылдан бастап жастарға тәрбие беру тиімділігін арттыру мен педагогика тақырыбы бойынша республикалық, облыстық мерзімдік баспасөздерде мақалалар жариялады. Университеттің «Жаршы» ғылыми бюллетенінде 2001-2003 жылдары оқу тәрбие үрдісіндегі инновациялық технология мәселелері бойынша мақалалары жарияланды. Жастарға тәрбие беру тиімділігін арттыру мен оқу-тәрбие үрдісіндегі инновациялық технология мәселелері бойынша республикалық, облыстық, мерзімдік баспасөзден көрінбей қалатын сәті сирек салауатты Әмірбек ағаға 1997 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік Университетінің Ғылыми Кеңесінің шешіміміен академиялық дәрежесі профессор атағы берілді. 

«Өмірінің соңғы жылдарында да педагогика және бастауыш оқыту методикасы, педагогика және психология кафедрасында дәріс оқып, кейінгі толқынын кемел келешегіне бағдар берді. Әбекең мәнерлі сөз, өрнекті өлеңге құмар ақынжанды азамат еді. Әңгіме арасында әлем классиктері шығармасымен қатар Абай мен Шәкәрімнің философиялық ой оралымдарын ортаға салып, Мұқағалидің мұң-жырын жүрек көзімен көре білетін» деп әріптестері еске алғанын архив құжаттарынан көруге болады.

Ғұмыр-ғибратын, парасат-пайымын жас буын игілігіне арнаған ағарту саласының ардагері, абзал ағаның асыл бейнесін еске алуды парыз санадық. Адал да үлкен жүректі, қадірменді ұстаз бола білген Әмірбек Тоқбергенов өмірден өткенімен, өмірі өнегелі ұстаздық бейнесі халықтың жадында сақтала бермек.

 

Фото: eltech.ru

Тағы да оқыңыз: