Kyzylorda-news.kz Сыр еліне Батыс Қазақстан облысынан ерекше музыкалық тарту келді. Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі гастрольдік сапармен Сыр жұртшылығына арнап “Ару Жайықтан - сұлу Сырға сәлем!” атты салтанатты кеш өткізбек. Өнер сүйер қауым асыға күткен бұл шара бүгін сағат 19:00-де Қызылорда қаласындағы Өнер орталығында өтеді. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте БАҚ өкілдері концерттің дайындығымен қатар оркестрдің жұмыс жоспарымен де танысты.
– Батыс Қазақстан облысының мәдени өміріндегі биылғы ең үлкен жаңалық – “Атамекен” өнер ордасы мен Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияның қосылуы болды. Филармониямыздың атын иеленген, Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына орай шығармашылық кештерімізді бастап кеттік. Жаз мезгілінде Батыс Қазақстанның барлық аудандарын аралап, өнерімізді таныстырдық. Еліміз бойынша алғашқы сапарымызды елордасы Астанадан бастап, рухани астанамыз Алматы өңірінде жалғастырдық. Ал бүгін, міне, Сыр елінің төрінде өнер көрсетіп, Алаштың анасына арнап қазақ өнерінің үздік туындыларын паш етпекпіз. Кеш бағдарламасы Ғарифолла Құрманғалиевтің шығармашылығына арналады. Оркестр Құрманғазы мен Дәулеткерей күйлерін орындап, Құрманғалиевтің өзіне тән шеберлігі мен асқақ өнерін еске салады. Сондай-ақ, шараның соңында “Сыр Сұлуы” әнімен Сыр өңіріне деген құрмет пен ықыласын білдіретін боламыз,- деді Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Халиолла.
Фото: Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі