Kyzylorda-news.kz Ереванда Армениядағы Қазақстанның мәдени күндері басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Бірлескен іс-шараларды өткізу Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ереванға жасаған ресми сапары барысында мемлекет басшылары қол жеткізген келісімдердің нәтижесінде мүмкін болды.

Қазақстанның ресми делегациясын ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап барды. Армения астанасындағы мәдени күндер бағдарламасы қазақстандық фильмдер көрсетілімінен басталды. Бүгін "Москва" кинотеатрында көрермендерге режиссер Рүстем Әбдірашевтің "Қазақ хандығы. Алтын тақ" атты тарихи кинотуындысы мен Фархат Шәріповтің "Стоп, ночь" фильмі ұсынылды.

Салтанатты жиында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали құттықтау сөз сөйлеп, қазақстандық киноөндірістің даму маңыздылығына тоқталды. Ол Мемлекет басшысының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қызметіне қатысты заңға қол қойғанын атап өтті. Заңда бірқатар жаңа ережелер қамтылған. Атап айтқанда, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы дамуының жаңа кезеңі басталды. Елдегі кинофильмдерді қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30 пайызы тікелей аталған киностудияға бағытталады. Бұл шешім студия жұмысының қаржылық тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, Құрманбек Жұмағали киножобаларды іріктеудің жаңа ережелері жайлы айтып, қазіргі қазақ фильмдері армян көрерменінің көңілінен шығатынына сенім білдірді.

Армениядағы Қазақстан киносының күндері – елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты, өзара түсіністікті және достық байланыстарды нығайтуда маңызды платформа. Қазақ киноөнерімен жақын танысуға мүмкіндік туғанына ерекше қуаныштымыз. Қазақ киносы – бұл терең философия, болашаққа батыл көзқарас. Біз Қазақстандағы киноөнердің даму барысын зор қызығушылықпен бақылап отырмыз. Бүгінгі көрсетілімдер мәдениеттеріміз арасындағы алтын көпірге айналады деп сенеміз, – деді Армения Кино қорының директоры Давид Банучян іс-шараның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Ертең көрермендерге тағы екі туынды – режиссер Серікбол Өтепбергеновтің "Патриоттар уақыты", Данияр Ибрагимовтің "Бүркіт" фильмдері ұсынылады.

Мәдени күндер аясында Қазақстанның ресми делегациясы Ереван мемлекеттік университетіндегі Абай атындағы қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығына, сондай-ақ Арменияның Ұлттық кітапханасына барды. Мұнда қазақ әдебиеті бұрышы орналасқан. Делегация кітап қорымен танысып, қазақстандық қаламгерлердің оннан астам кітабын тарту етті. Олардың қатарында — Қайрат Айтбаевтың "Сал домбыра", Нұрбай Бектұрсыновтың "Отан қорғаушы", Фариза Оңғарсынованың "Таңдамалы", Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Нұр мен көлеңке" еңбегі және басқа да бірқатар басылымдар бар.

Мәдени күндер 19 сәуір күні Арам Хачатурян атындағы концерт залында өтетін Гала-концертпен қорытындыланады. Бұл кешке қазақстандық эстрада жұлдыздары, зиялы қауым өкілдері, дипломаттар, ғалымдар, жазушылар мен өнер қайраткерлері қатысады.

Армениядағы Қазақстанның мәдени күндері 2.jpg

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Тағы да оқыңыз: