Kyzylorda-news.kz Бүркітші Айшолпанға Шығыс Қазақстан халқы атынан екі бөлмелі пәтер сыйға берілді. Бүркітшіге пәтер кілтін облыс халқы атынан президент кеңесшісі Берік Уәли табыстады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Шығыс салбурыны – 2024" фестивалінде бүркітші қыз Айшолпанға өңір жұртшылығы атынан екі бөлмелі пәтер кілті табысталды. "Мен үшін ерекше оқиғаларға толы күн болды. Ең алдымен, "Шығыс салбурыны – 2024" халықаралық фестивалінің жоғары деңгейде өткеніне өте қуаныштымын, ұйымдастырушыларға алғысымды айта отырып, осы дүбірлі тойға аз да болса өз үлесімді қосқаныма мақтанамын", - деп жазды Айшолпан Нұрғайыпқызы.
Бүркітші саятшылық, жүйрік ат мініп, тазы жүгіртіп, құс салу қазақтың ертеден келе жатқан өнері екенін, ол біздің бүкіл болмысымыз, салт-санамызға сіңіп кеткен ең қастерлі құндылығымыз екенін жазады.
"Кеше менің арманым орындалған күн болды. Шара соңында Берік Уәли мырза Өскемен қаласынан екі бөлмелі пәтер кілтін табыстағанда қалай қуанғанымды жасыра алмаймын. Қазақ "Болар баланың бетін қақпа, белін бу" дейтін дана халық қой, мені осынша деңгейге, осындай сый-құрметке лайық көрген ШҚО әкімі Ермек Беделбайұлы Көшербаев мырзаға, Ұлан ауданының әкімі Арман Исясұлы Бекбоснов мырзаға және барша ШҚО жұртшылығына және күллі қазақ еліне алғысымды айтамын. Мен қазақтың төл өнерін әлем халықтарының назарына ұсынуға талпынсам, сіздер мені үнемі биікке көтере білдіңіздер", - деп қуанышын бөлісті бүркітші қыз.
Фото: видео скриншот, jasqazaq.kz